Алматы. 19 қараша. 7kun.kz — Қазақстанда тұрғын үй құрылысын қаржыландыруда гендерлік теңдікті қолдау жөніндегі жоба басталды. Осы мақсатта Азия Даму Банкі (АДБ) Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 38 млрд теңге (100 млн доллар) көлемінде қарыз береді, деп хабарлады банктің баспасөз қызметінде.
«Қазақстанда 9,1 миллион әйел тұрады. Оның ішінде 4,4 миллионы жұмыс істейді, олардың жартысы өз отбасыларын дербес қамтамасыз етеді. Бұл ретте әйелдер бұрынғысынша орташа есеппен ер адамға қарағанда үштен бір бөлікке аз жалақы алады. Табыс деңгейінің төмендігі олардың үй сатып алу үшін қол жетімді несие алуы ер адамдарға қарағанда қиын екенін көрсетеді. Сондықтан, біз АДБ-мен бірлесіп қазақстандық әйелдерді қолдауға, оларға тұрғын үй несиелеуге қол жеткізуді кеңейтуге шешім қабылдадық және Азияда алғаш рет осындай гендерлік жобаны іске қосамыз", - деп түсіндірді ТҚЖБ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Әйелдерге несиелер бастапқы және қосымша тұрғын үй сатып алуға беріледі. Несиенің ең жоғары сомасы 30 млн теңгені құрайды. Оны алу үшін табысы 200 мың теңгеден төмен болса, 15% мөлшерінде ең төменгі бастапқы жарна, ал табысы 200 мың теңгеден асатын адамдар үшін 20% бастапқы жарна жеткілікті.
Статистика бойынша, ТҚЖБ-нің 60 мыңнан астам қарыз алушылары - әйелдер, олардың 64%-ы еліміздің екі ірі қаласы - Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласынан тыс жерде тұрады. Сондықтан да жаңа гендерлік бағдарлама өңірлер мен ауылдық жерлердегі әйелдерді 60%-ға қамтиды.
Айта кетейік, ТҚЖБ үшін бөлінген қарызға қосымша АДБ Қазақстандағы табыс деңгейі төмен және орташа әйел адамдарға қатысты ТҚЖБ-ның операциялық мүмкіндіктерін, сапасын және қамтылуын күшейту үшін 620 мың доллар мөлшерінде техникалық көмек грантын береді.