Қазақстан. 5 қыркүйек. 7kun.kz – 1 қыркүйектен бастап күзгі әскерге шақыру науқаны басталды, деп хабарлайды 7kun.kz.
Әскерге шақыру науқаны 31 желтоқсанға дейін жалғасады және төрт айда 18 бен 27 жас аралығындағы 18 мыңға жуық сарбаз Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құрамалар қатарын толықтырады.
Атап айтқанда, Қарулы Күштер қатарына 8 мыңға жуық, Ұлттық ұланға 6 мыңнан астам, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне 3 мыңнан астам, Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелеріне 300-ге жуық, мемлекеттік күзет қызметіне 100-ге жуық адам әскерге шақырылады.
Әскерге шақыру SMS-хабарлама жолдау немесе үйіне және жұмыс орындарына жеке шақырту қағаздарын жіберу арқылы жүзеге асырылып жатыр. Бұл шараларды жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырып, оның іске асуын қамтамасыз етеді.
Облыс, қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары әскерге шақыру комиссияларын басқарады. 7 қыркүйектен бастап жас сарбаздар шоғырлану орындарынан әскери бөлімдерге жіберіледі.