Алматы. 12 тамыз. 7kun.kz — 2019 жылғы маусымда 2018 жылғы маусыммен салыстырғанда экспорттық тауарлар 10,3%-ға қымбаттады. Бұл туралы Статистика комитеті хабарлады.
Бұл ретте баға дайын тауарларға 16%-ға өсті. Экспорттық шикізат 11,4%-ға, жартылай фабрикаттар 5,4%-ға қымбаттады.
Импорттық тауарларға келетін болсақ, олар бір жыл ішінде 9,9%-ға өсті. Ең көп жартылай фабрикаттар қымбаттады – 12%. Импорттық шикізатқа және дайын тауарларға бағалар тиісінше 8,9%-ға және 9,5%-ға артты.
Сондай-ақ, 2019 жылдың басынан бастап бағаның өсуін қарастыратын болсақ, экспорттық тауарлар 4,3%-ға, импорттық тауарлар 4,1%-ға қымбаттады.
Экспорттық жеткізілімдердің ішінде ферроқорытпалар жыл басынан бері 11,7%-ға, қорғасын 4%-ға арзандады. Бұдан басқа, темір рудасының бағасы - 33,3%-ға, көмір - 19,2%-ға, мұнай - 11,5%-ға, мырыш - 4,1%-ға және мыс - 2,1%-ға өсті.
Импортталатын тауарлардың ішінде жыл басынан бері көкөністер 41,6%-ға, балық – 8,2%-ға, шұжық өнімдері – 7,5%-ға, сүт өнімдері - 6,3%-ға, кофе - 5,4%-ға, құс еті мен шай - 4%-ға қымбаттады. Пластмасса бағасы 7,4%-ға, ағаш материалдар – 6%-ға, құрылыс материалдары - 5,4%-ға артты, деп хабарлады Комитет.