Алматы. 25 қараша. 7kun.kz — Білім министрлігі Қазақстанда педагогтарды дайындайтын ЖОО санын қысқартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов хабарлады.
"Министрлік педагогтарды даярлауға арналған қосымшалары бар жоғары оқу орындарына қосымша талаптар дайындауда. Олардың саны - 85. Бүгінде көп бейінді университеттің барлығы мұғалімдерді даярлайды. Алайда олардың сапасы сын көтермейтіндіктен, қойылатын талаптарды күшейту арқылы мұғалімдерді даярлайтын ЖОО санын 85-тен 20-25-ке дейін қысқарту жоспарланып отыр. Олар басқа бағыттар бойынша мамандар даярлай береді, ал педагогика бойынша лицензиялары қайтарылып алынуы мүмкін. Шамамен алғанда, әр аймақта мұғалімдерді даярлайтын 1 мықты ЖОО және Алматыда бірнеше оқу орны болмақ", - деп түсіндірді Facebook-та ведомство басшысы.
Өз кезегінде, министр қазіргі уақытта елдегі ЖОО-ын тексеру жүргізіліп жатқанын еске салды. Оның мәліметінше, бағалау жүйесінің тізбесіне енген 13 университет тексерілді. Олардың 5-інде бұған дейінгі ескертулер жойылмағандықтан, 5 университеттің лицензиясы бір айға тоқтатылды.
"12 жоғары оқу орнына айыппұл салынып, 1 университет бойынша іс сотқа жіберілді. Жыл соңына дейін тағы 12 ЖОО бойынша бұрын берілген нұсқамалардың орындалуын тексеруді жоспарлап отырмыз. Бұзушылықтар қайта анықталған жағдайда, лицензиядан айыру және ЖОО жабу үшін құжаттар сотқа жіберіледі", - деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Сонымен қатар, БҒМ лицензия беретін орган ретінде, міндеттеріне жауапсыз қарайтын жоғары оқу орындарының лицензияларын өз тарапынан кері қайтарып алуға құқық беретін заң нормаларын енгізуді жоспарлап отыр.
"Бұл бастама мемлекет басшысы тарапынан қолдауға ие болды.
Қазіргі уақытта лицензияны қайтарып алу үшін сотқа жүгіну немесе қажет болған жағдайда барлық шағымдану процедурасынан өту керектігін естеріңізге саламын", - деді министр.
Ведомство басшысы премьер-министрдің өкіміне сәйкес Үкімет жанынан жоғары оқу орындарын оңтайландыру комиссиясы құрылғанын атап өтті.
Бұдан басқа, министр жоғары оқу орындарының ең көп таралған бұзушылықтарын мысалға келтірді. Мәселен, нашар сабақ үлгерімі үшін оқудан шығарылғандардың бәрін қабылдай беру есебінен кейбір жоғары оқу орнына 100 адам түсіп, 800-ге жуық түлек бітірген.
"Тағы бір жайт, биыл 37 мың студент таяу шетелдің ЖОО-да бір семестр немесе бір жыл оқыған соң қазақстандық шағын ЖОО-на ауысып келді. Ақпаратқа сүйенсек, ҰБТ сертификатының талап етілуін айналып өту үшін талапкерлер құжаттарын шетелдік ЖОО жіберіп, бір семестр немесе бір жылдан кейін виртуалды түрде қазақстандық университеттке ауысып алатын тенденция да бар. 20-23 мыңға дейін студент оқитын және олардың көпшілігі, әдетте, сабаққа да бармайтын кейбір өңірлік жеке меншік ЖОО да бар", - деп жазды білім және ғылым министрі.
Сондықтан да Министрлік осындай жағдайлар мен жауапкершілігі төмен ЖОО қатысты қатаң саясат жүргізіп келеді.
"Әлбетте, бұл шаралар барлығына бірдей ұнамай бермейтіні анық.
Дегенмен, Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, Министрлік жоғары білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету саясатын одан әрі жалғастырады", - деп түйіндеді министр.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024