Алматы. 14 мамыр. 7kun.kz – Қазақстан Ұлттық банкі қаржы секторын реттеу жөніндегі тәуелсіз орган құру туралы заң жобасын әзірледі, - деп хабарлайды бас банктің баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес қаржы нарығын қадағалау функцияларын бөлу, сондай-ақ тұтынушылық кредиттеу тәуекелдерін шектеу үшін Қазақстан Ұлттық банкі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржылық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын әзірледі. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінде жоғарыда көрсетілген заң жобасын таныстыру барысында Қазақстан Ұлттық банкі Төрағасының орынбасары Олег Смоляков айтып берді.
Оның айтуынша, заң жобасы екі бағытты көздейді. «Бірінші бағыт – қаржы секторын реттеудің тәуелсіз органын құру. Елдің экономикалық өсуіне жәрдемдесу үшін Ұлттық Банк ақша-кредит саясатының тиімділігіне және инфляцияны бақылау шараларын іске асыруға шоғырландыруға ниетті», - деп атап өтті Қазақстан Ұлттық банкі Төрағасының орынбасары.
О. Смоляковтың айтуынша, қаржы нарығын реттеу мен дамыту, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау функцияларын Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей есеп беретін жаңа мемлекеттік орган – Қаржы нарықтарын реттеу мен дамыту агенттігіне беру ұсынылады.
«Ұлттық банк пен Агенттіктің қызметі тиянақты түрде, оның ішінде басқару органдарында өзара өкілдік ету арқылы үйлестіріледі. Агенттік республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Еңбекақы төлеу жүйесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді, ал қызметшілердің мәртебесі Ұлттық банк қызметшілерінің мәртебесіндей болады», - деп хабарлады ол.
О.Смоляков мұның еңбекақы төлеудің бәсекеге қабілетті деңгейін белгілей отырып біліктілігі жоғары қызметкерлерді жедел түрде іріктеу мүмкіндігін қамтамасыз ететіндігін атап өтті. «Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық банк пен Агенттік Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің қызметі шеңберінде өзара іс-қимыл жасайды», - деді Қазақстан Ұлттық Банкі басшысының орынбасары.
О. Смоляков Кеңестің міндетті түрде жүйелік тәуекелдерді төмендету үшін макропруденциялық саясат шараларын, дағдарысқа қарсы шараларды, жүйелік маңызды банктерді реттеу не мемлекеттік қолдау шараларын қабылдауға байланысты мәселелерді алдын ала қарауға тиіс екенін айтты.
«Тұтастай алғанда қаржы нарықтарын реттеу мен қадағалау функциялары Агенттікке бекітіліп беріледі. Ұлттық банкте төлем ұйымдарына, банктік емес айырбастау пункттеріне, инкассаторлық компанияларға қатысты реттеу мен қадағалау функциялары сақталады», - деп атап өтті ол.
Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары сондай-ақ қайталауды болдырмау және қаржы секторына жүктемені азайту мақсатында Қазақстан Ұлттық банкі мен Агенттік үшін бірдей қолжетімді болуымен статистикалық және реттеушілік ақпараттың бірыңғай базасы құрылады деп толықтырды.
Тэги:
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024