Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға 38 млрд теңге жұмсалмақ
Алматы. 25 сәуір. 7kun.kz – 2019 жылы тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды, сондай-ақ жылу және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға 37,9 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті хабарлады.
Қаражат бюджеттік несиелендіруге және коммуналдық желілерді жедел жаңғыртуды субсидиялауға бағытталған.
Ведомство ақпараты бойынша, бөлінген қаражаттың 32,9 млрд теңгесі жылу, сумен жабдықтау және су бұру бойынша 16 жобаны іске асыруға, 5 млрд теңгесі - Атырау облысында су бұруға жұмсалады.
«128,2 км инженерлік желілерді қайта құру және салу жоспарланған, оның ішінде 21 км жылу желілері, 104,7 км сумен жабдықтау желілері және 2,5 км су бұру желілері, сондай - ақ басқа да нысандардың үш бірлігі», - деп хабарлады комитетте ағымдағы жылдың жоспары туралы.
Монтаждау жұмыстарын 2019 жылдың 10 желтоқсанында аяқтау жоспарлануда.
Ведомство хабарлағандай, 2015-2018 жылдары несиелеу аясында 364 жобаны жүзеге асыру үшін 221,1 млрд теңге бөлінді. Тұтастай алғанда, «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезеңінде осы жылдары 3,3 мың км жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілері, 24 қазандық, 77 бірлік басқа да объектілер салынды және реконструкцияланды.
2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарлама бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қорытындысы бойынша бірнеше нәтижеге қол жеткізу жоспарлануда:
жылу, сумен жабдықтау, су бұру желілерінің тозуын 67%-дан 57%-ға дейін төмендету және тұтынушыларға ұсынылатын қызметтердің сапасын жақсарту;
шекті тарифтер қағидаттарын қолдану және салалық инвестициялық трансферттерді бюджеттік несиелер мен жеке капиталдармен ауыстыру жолымен саланы коммерцияландыру процесін бастау;
саланың бірыңғай техникалық стандарттарға көшуі.