
Алматы. 2 желтоқсан. 7kun.kz – Қазақстанда тұрғын үйді жалға алу бағасы арзандауда, деп хабарлайды 7kun.kz.
Krisha.kz жазуынша, елде қарашаның 24-і мен желтоқсанның 1-і аралығындағы тарифтер төмендеген. Атап айтқанда, Оралда – 6,2 пайыз, 1 шаршы метрі 2 708 теңгеге дейін; Қостанайда – 4,7 пайыз, 3174 теңгеге дейін; Петропавлда – 4,7 пайыз, 2600 теңгеге дейін; Алматыда – 3,1 пайыз, 6250 теңгеге дейін; Астанада – 2,5 пайыз, 4062 теңгеге дейін баға төмендеген.
Сарапшылардың айтуынша, 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жалға алу бағасы қыркүйектің басындағы деңгейге жеткен жоқ.
Жүргізілген мониторинг бойынша, пәтер жалдаудың орташа бағасы Алматыда – бір бөлмелі 230 мың теңге, екі бөлмелі – 350 мың теңге, үш бөлмелі – 500 мың теңге болса, Астанада бір бөлмелі 170 мың теңге, екі бөлмелі – 250 мың теңге, үш бөлмелі – 330 мың теңгені құрап отыр.