Алматы. 17 қазан. 7kun.kz – Қазақстан ипотекалық компаниясы (ҚИК) «Орда» ипотекалық несие бағдарламасын іске қосады, - деп мәлімдеді компанияның Басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов.
«Бұл халықтың белгілі бір топтарына бағытталған мемлекеттік бағдарлама емес. Бұл нарықтық бағдарлама, ол барлығына есептелген. Біз бұл бағдарламаға ақшаны нарықтан алдық», - деді А.Мұхамеджанов Алматыдағы журналистермен кездесуде.
ҚИК басшысы бағдарламаны жүзеге асыруға KASE-де 5 млрд теңге тартылғанын атап өтті.
«Біз Қазақстан қор биржасының облигациялық бағдарламасы есебінен 5 миллиард теңге алдық. Инвесторларымыз - банктер мен сақтандыру компаниялары», - деп атап өтті компания басшысы.
Төлем қабілеттілігі толық расталған жағдайда қарыз алушылар үшін ипотекалық қарыз бойынша мөлшерлеме жылдық 12%-ды, табысты ішінара растаған кезде - жылдық 14%-ды құрайды. Өтінімнің ең көп сомасы 40 млн теңге, ең азы - 1 млн теңге. Қарыз мерзімі - 20 жылға дейін. Ипотека Қазақстанның 16 қаласында қолжетімді болады.
«Бастапқы жарна - 30%. Біз оны ақша түрінде ала аламыз, ақша болмаған жағдай бастапқы жарна ретінде қосымша кепіл аламыз», - деді А. Мұхамеджанов.
Шешім қабылдау мерзімі 3 күннен аспайды.
ҚИК басшысының айтуынша, бағдарламаны іске қосу 2018 жылдың қазанының соңына жоспарланған. Қазіргі уақытта серіктес банктермен келіссөздер жүргізілуде. Бұл - ЦентрКредит, Цеснабанк, AsiaCredit Bank, Еуразиялық банк, АТФБанк субсидиялау бағыты бойынша бұрын жұмыс істеген банктер.
Жыл соңына дейін «Орда» бағдарламасы аясында 3-4 млрд теңгені игеру жоспарлануда.
«Биыл тестілеу режимінде 3-4 миллиард теңге жоспарлап отырмыз. Бұл өніміміз халыққа ұнаса, келесі жылы 30-40 миллиард теңге беруді жоспарлып отырмыз», - деді ҚИК басшысы.
ҚИК 2000 жылғы желтоқсаннан бастап қаржы нарығында бар.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024