Алматы. 26 шілде. 7kun.kz — Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстанда жеңіл автомобильдің орташа құны 8,8 млн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6%-ға өсті. Сонымен қатар, қазақстандық автокөліктердің орташа құны 6,6 млн теңгені құрады, ал импорттық автокөліктердің құны орта есеппен 10,9 млн теңгеге тең. Бұл туралы Energyprom.kz хабарлайды.
Есептік кезеңде сатып алушылардың 29,3% һ-ы 5 млн теңгеден аспайтын автомобильдерді таңдады. Бір жыл бұрын бұл сегмент нарықтың 38,9%-ын қамтыды. 5 миллионнан 7 миллион теңгеге дейінгі баға аралығында техниканың 19%-ы (5,84 мың) сатылды. Сегменттің үлесі бір жарым пайыздық тармаққа төмендеді. Сатып алушылардың 13,9%-ы құны 7 млн-нан 10 млн теңгеге дейінгі (4,3 мың) автокөліктерге таңдау жасады.
Бизнес (10-15 млн теңге) және премиум-класс сегменттері (15 млн теңгеден астам) жаңа автокөліктер нарығының тиісінше 26,9%-ын (8,3 мың авто) және 10,9%-ын (3,3 мың) иеленді.
Еске сала кетейік, 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында ҚР автомобиль нарығында 282,5 млрд теңгеге 30,8 мың жаңа жеңіл автокөлік сатып алынды. Өткен жылдың ұқсас кезеңінде қазақстандықтар 214,3 млрд теңге сомасына 26 мың жаңа жеңіл автокөлік сатып алды.
2019 жылдың басынан жаз мезгіліне дейін 310,2 мың жеңіл автокөлік тіркелді — өткен жылдың қаңтар-мамырымен салыстырғанда 6,8%-ға кем (332,9 мың бірлік). Ағымдағы жылдың маусым айының басындағы жағдай бойынша ҚР-да тіркелген жеңіл автомобильдердің саны 3,77 млн бірлікті құрады, ол жыл ішінде 1,4%-ға төмендеген.
Тіркелген жеңіл автокөліктердің жалпы санында 10 жастан асқан машиналар басым (63,9%). Жаңа жеңіл автомобильдер (3 жылдан аз) еліміздің автопаркінің тек 10,2%-ын, 3-тен 7 жасқа дейінгі машиналар - 16%-ын, 7-ден 10 жасқа дейінгі машиналар - 7,2%-ын құрайды.