2022 жылғы ақпанда елде жылдық инфляция 8,7% құрап, жеделдей түсті, деп хабарлайды 7kun.kz.
Бұл туралы ҚР ҰБ Ақша-кредит саясаты департаменті нақты сектордың мониторингі басқармасының бастығы Игорь Осипов түсіндірді.
Жылдық инфляция 9 аймақта қарқын алды, 3 облыста баяулап, 5 өңірде көрсеткіш өзгеріссіз қалды.
Инфляцияның қатты қарқын алу көрсеткіші Түркістан облысында (қаңтардағы 8,4%-дан ақпанда 9,2%-ға дейін) тіркелді, ал баяулау үрдісі Ақтөбе (9,2%-дан 9,0%-ға дейін) мен Атырау (8,7%-дан 8,5%-ға дейін) облыстарында байқалды.
Ақпанда азық-түлік тауарлар бағасының өсу қарқыны 10,0%-ға дейін (қаңтарда – 9,9%) ұлғайды. Осы топтағы тауарлар бағасының ең жоғары өсімі Ақмола облысында (11,7%) тіркелді.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны да 8,6%-ға дейін (қаңтарда – 8,5%) ұлғайды. Ең жоғары мән Ақтөбе облысында (10,2%), ал ең аз мән Маңғыстау облысында (7,2%) тіркелді.
Ақылы қызметтің құны ақпанда 7,1%-ға өсті (қаңтарда - 6,8%), бұл ретте жалпы республикалық деңгейден біршама жоғары баға – Шығыс Қазақстан облысында (9,0%), ал біршама төмен – Ақтөбе облысында (5,2%) өсті.
Елде айлық инфляция 0,8% болды, бұл – соңғы 5 жылда (2017-2021 жылдарда – 0,7%) ақпандағы бағаның орташа мәнінен жоғары. Орташа тарихи нормасынан жоғары баға 2022 жылғы ақпанда Түркістан облысында (1,3%), Нұр-Сұлтан қаласында (1,2%), Қарағанды облысында (1,1%), Шығыс Қазақстан облысында (0,9%), Қызылорда облысында (0,8%), Алматы (0,7%), Қостанай (0,7%), Батыс Қазақстан, Жамбыл және Маңғыстау (0,6%-дан) облыстарында өсті.
Ақмола облысы мен Алматы қаласында бағаның өсу қарқыны өзінің орташа нормасын сақтап қалды. Қалған аймақтарда өзінің орташа нормасынан төмен қалыптасты.