Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қазақстанды енді не күтіп тұр?

Қазақстанды енді не күтіп тұр?

АСТАНА – Наурыздың 19-ында Қазақстанды тәуелсіздік алғалы басқарып келген президент Нұрсұлтан Назарбаев отыз жылдай мерзімге созылған шексіз билігінен бас тартатынын жариялады. Телевидение арқылы жасаған мәлімдемесінде Назарбаев мемлекеттің жеткен жетістіктеріне мадақ айтып, жастарды елдің жарқын болашағын қалыптастыруға шақырды. 

Алайда, бұл толық қоштасу емес еді, себебі Назарбаев саяси сахнадан кетпейтінін айтты. Қазіргі басты сұрақ: Қазақстанды енді не күтіп тұр?

Назарбаевтың отставкасы күтпеген оқиға болғанымен, оның саясатта қаламын деген сөзі бірнеше жыл әзірленген жоспардың бір бөлігі еді. Мұның алдында ол Тұңғыш президент (2000), Ұлт көшбасшысы (2010) және 2017 жылы Елбасы деген титулдар алды (қазақ тілінде “елбасы” – мемлекеттің не халықтың басшысы дегенді білдіреді). “Тарихи миссиясы” үшін оған өмір бойына мемлекет құрылысы, ішкі және сыртқы саясат, ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша бастама көтеру құқығы берілді. Оның үстіне, Қазақстанның мемлекеттік органдары оның ұсыныстарын қарастыруға міндеттелді.

Бұған қоса, “Тұңғыш президент” Қазақстан халқы ассамблеясын және Қауіпсіздік кеңесін басқарады (2018 жылы ол кеңес беруші ұйымнан конституциялық органға айналды) және Конституциялық кеңестің мүшесі болып қалады. Назарбаев, оның отбасы және олардың мүлкі мен банктегі есеп-шоттарын тергеп-тексеруге толық тыйым салынды. Оның үстіне, ол – биліктегі “Нұр Отан” партиясының төрағасы.

Назарбаевтың билік тізгінін толық босатпастан “кетуі” Сингапурдың негізін қалаған Ли Куан Юдың жартылай отставкасына ұқсайды, бірақ тәуелсіз Ресейдің тұңғыш президенті Борис Ельциннің 1999 жылғы биліктен және саяси өмірден толық кетуінен мүлде басқаша. Назарбаев үнемі Сингапурды үлгі тұтып, Ли Куан Юды мадақтап келді. Мемлекетті тиімді басқарып, өз елінде және шетелде үлкен құрметке ие болған Ли Куан Ю авторитаризмнің жақсы бейнесін қалыптастырған аз ғана топтың ішінде көш бастап тұр.

Басқа авторитар басшылардың кебін кимеу үшін Назарбаев Ли Куан Юдың ізіне еріп, жоғары қызметке ие болғысы келеді. Ол биліктің сусымалы екенін өте жақсы біледі. Кеңес одағы айқай-шумен тарағанда билікке келген ол әлемдегі өзі құралпылас авторитар басшылардың қалай құлағанын көзімен көрді.

Сондықтан, биліктен кетіп, Қазақстанның жаңа басшыларына сенім арту – қиын шешім болған тәрізді. Жемқорлыққа қатысты дау-дамаймен кірлеген Назарбаев билігі Ли Куан Юдікіне қарағанда қайшылыққа толы, оның үстіне он жылға жуық уақыт бұрын күйеубаласы төңкеріс ұйымдастырмақ болып, ол өз әулетінің сатқындығын басынан өткізді.

Жеке басының қауіпсіздігімен қоса, Назарбаев мемлекет қайраткері және елдің негізін қалаушы ретіндегі мұрасын да сақтап қалғысы келеді. Бұл екі мақсаттың арасында тепе-теңдік табу қиын. Бұрынғы статусын сақтап қалып, қатаң экономикалық-саяси бақылауды жалғастыра берсе, оның қауіпсіздігіне кепілдік болар еді. Бір жағынан, оның жолын жалғастыру үшін даму мен өркендеуге мүмкіндік беретін реформалар жүргізу қажет. Бұған қордаланған ішкі мәселелер мен қауіпті әрі болжауы қиын халықаралық ахуал қосылып, қатерді күшейтіп отыр.

Назарбаев президенттігінен кейінгі кезеңге жасалған мұқият дайындықтан байқағанымыз – оның отставкасы ұзақмерзімдік стратегияның бір бөлігі сияқты. Қазақстанның конституциясына сәйкес, Назарбаевқа адал тұлға – сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі президенттің өкілеті аяқталатын 2020 жылға дейін президент міндетін атқарушы болып тағайындалды. Оның қызы Дариға Назарбаева сенаттың жаңа спикері болып сайланды.

Бұдан әрі не болатынына қатысты мәлімет аз болғанымен, долбарлар үш басты мәселе төңірегіне топтасты: саяси биліктегі қарым-қатынас, қоғам наразылығы және Назарбаевтың жеке басына табыну.

Назарбаев Сингапур стиліндегі технократиялық басқару мен феодалдық ләппай қолдау жымдасқан саяси жүйе қалыптастырды. Иә, Қазақстанның кәсіби мемлекет құруда біраз жетістікке жеткені рас. Дегенмен, Ли Куан Юдан айырмасы – Назарбаев бәсекелі саяси партия жүйесі және тәуелсіз сот жүйесі сияқты мықты институттар құра алмады. Бұл саяси транзитті анағұрлым қиындатып жібереді, себебі осы жолда институттарды құру қажет болады.

Билікті белгілі бір дәрежеде орталықсыздандыру бәрібір болатын сияқты. Егер қазіргі күшті президенттік жүйе сақталса, Назарбаев пен оның мұрагері дуополия қалыптастыратын шығар. Бірақ егер жаңа президент билікті тиімді түрде қолына жинай алмаса (бұл әбден мүмкін), онда ықпалды саяси тұлғалар көп шығуы ықтимал. Ал олардың арасындағы айырмашылықты жүйелеп отыратын саяси партиялар жоқ. Осы сценарий қалыптасқан жағдайда тіпті Назарбаевтың өзі бұдан болатын конфликтіні бақылай алмай қалуы мүмкін.

Осы тұрғыдан алғанда, жақында болған және қазір жүріп жатқан наразылықтар бұдан анағұрлым салмақты тербелістердің белгісі болуы мүмкін. Әзірге демократияны нақты талап етіп жатқандар байқалмағанымен, әлеуметтік әділетсіздікпен келіспейтіндер көбейіп келеді. Жедел шараларды былай қойғанда, қазір Қазақстанның халық наразылығын қарастырып, шешу механизмі жоқ.

Оның үстіне, Ли Куан Юдан айырмашылығы – Назарбаев жеке басқа табынуға жол ашып берді. Қоғам қайраткерлері мен қарапайым азаматтар президенттің даналығы мен көрегендігіне, елге қызметі мен басқа да қасиеттеріне мадақ айтып жатыр. Елдің түкпір-түкпірінде оған арнап соғылған ескерткіштер бар. Ең беделді университет пен мектептер, Алматыдағы негізгі даңғыл, ел астанасы – Астанадағы әуежай Назарбаев отставкаға кеткенге дейін-ақ оның атымен аталған.

Жеке басқа табыну өршіп келеді. Наурыздың 20-сында Қазақстанның парламенті астананы Нұр-Сұлтан етіп атауды қолдап дауыс берді (бұл дауыс берудің конституцияға сәйкес жасалғанын әлі де тексеру қажет), көп қалалардың орталық көшелеріне Назарбаев есімі берілді. Бұл қоғамның кей бөліктерінің алаңдаушылығын туғызды, үкімет бұл реакцияға көз жұма қарамауы керек.

Жеке басқа табыну уақыт өте келе бәсеңдейтін болар. Бірақ оны толығымен жою мүмкін емес шығар, себебі Назарбаевты Қазақстанның тәуелсіздігі туралы әңгімеден бөліп алу мүмкін емес (әрі бұл әділетті болмас).  Сондықтан Назарбаевтың отставкасы – Қазақстан үшін шешуші сәт. Ол билікке түбегейлі де күтпеген өзгерістер тұсында келді, оның жартылай кетуі де дәл сондай болжап білмейтін салдарға алып келуі мүмкін.

Наргис Касенова – Гарвард университетінің Ресейді және Еуразияны зерттеу жөніндегі Дэвис орталығының аға ғылыми қызметкері. 

Copyright: Project Syndicate, 2019.
www.project-syndicate.org

Похожие материалы