Қазақстан. 13 шілде. 7kun.kz – Аэроғарыштық мониторингтің көмегімен Қазақстанның бес өңірінде есірткі плантациялары анықталды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Құрамында есірткі бар өсімдіктердің ареалдарын анықтаудың тиімді әдістерінің бірі - жерді қашықтықтан зондтау, оны қолдану тәжірибесін «Қазақстан Ғарыш Сапары «ҰК» АҚ мамандары зерделеп, кезең-кезеңімен енгізуде. 2022 жылы ғарыштық мониторинг нәтижесінде 686,000 шаршы шақырым аумақ қамтылып, онда каннабис өсіруден зардап шеккен учаскелер анықталды. Учаскелер Түркістан, Қарағанды, Ақтөбе, Жамбыл және Қызылорда облыстарында орналасқан», – деді ҚР ЦДИАӨМ Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов.
Айта кетейік, 2019 жылы ғарыштық мониторингтің көмегімен Қызылорда және Жамбыл облыстарында 123, 2020 жылы – 94, ал 2021 жылы тек Қызылорда облысының аумағында – 77 есірткі егілген алқаптар анықталды.