«Қазақтелеком» АҚ басшысы Есекеев Kcell директорлар кеңесінің құрамынан мерзімінен бұрын шығарылды
Алматы. 24 мамыр. 7kun.kz – «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев Kcell директорлар кеңесінің құрамынан мерзімінен бұрын шығарылды. Бұл туралы қазақстандық қор биржасының сайтында жазылды.
«Kcell» АҚ директорлар кеңесі мүшесі Есекеев Қуанышбек Бақытбекұлының («Қазақтелеком» АҚ акционерінің өкілі) өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылсын», - делінген Kcell акционерлерінің 19 мамырдағы жылдық жалпы жиналысының қорытындысында.
Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлын билігін асыра пайдаланды және аса ірі көлемде «Қазақтелеком» АҚ қаражатын жымқырды деген күдікпен ұсталған еді. Кейін әлеуметтік желілерде Есекеевтің ұсталғаны туралы ақпарат пайда болғанымен, кейін бұл ақпаратты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жоққа шығарды. Есекеев 2010 жылдың наурыз айынан бері «Қазақтелеком» АҚ-ын басқарып келеді.
Kcell – Қазақстан нарығында жұмыс істейтін үш ұялы байланыс операторының бірі. Компания нарықта корпоративтік клиенттерге арналған Kcell және Activ брендтерін ұсынады. Kcell акционері қатарында «Қазақтелеком» АҚ (51%), Pioneer Technologies S.A.R.L. (14,87), First Heartland Jusan Bank – 9,08%, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ – 7,07%.
Айта кетейік, Қазақстанда Kcell-ден басқа тағы екі GSM ұялы байланыс операторы бар: Kar-Tel және біріктірілген Tele2 Kazakhstan, Altel.