Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қазкоммерцбанк исламдық қаржыландыруды енгізеді

Қазкоммерцбанк исламдық қаржыландыруды енгізеді

Осы жылдың соңына дейін Қазкоммерцбанк клиенттеріне исламдық қаржыландыру құралдарын ұсынбақ, ал болашақта еншілес исламдық банк құрылуы мүмкін. Бұл туралы директорлар кеңесінің төрағасы, банктың мажоритарлы акционері Кеңес Рақышев мәлімдеді. 

"Біз жыл соңына дейін нарыққа исламдық құралдарды ұсынамыз. Әзірге тек сукук, мудараба тәрізді құралдармен шектелеміз", деді ол банктың жаңа стратегиясын таныстыру кезінде. Оның сөзінше, жеке исламдық банк құру мүмкіндігі де талқыланып жатыр. "Егер нарықта сұраныс үлкен екендігін байқасақ, келесі жылы еншілес банк құру мәселесін талқылайтын боламыз. Себебі қазір банктың балансында барлық активтерді заң бойынша бірден исламдық қаржыландыруға ауыстыру мүмкін емес", -деді Қазком директорлар кеңесінің төрағасы. Сондай-ақ ол БТА банкі базасының негізінде стрессті активтер қорын құру жоспарланып отырғандығын да хабарлады. "БТА мен Қазком қосылғаннан кейін біз банктың үлкен проблемаларына да ие болдық. БТА-дағы стрессті активтер портфелін тазалау - жеке өзім тәулігіне 24 сағат, жылына 365 күн көңіл бөліп отырған мәселелердің бірі. Екі банк интеграцияланған уақыттан бері 1 млрд доллардан астам қаржы қайтарылды, бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасуда. Қазір жобаны қаржыландыру туралы бірнеше инвестициялық топтармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз ", -деп атап түсіндірді К.Рақышев. Директорлар кеңесі төрағасының мәлімдеуінше, банк жалпы құны 300 млн долларға дейінгі болатын еуробондтардың 3 шығарылымын мерзімінен бұрын сатып алмақ. Ресми хабарландыру Лондон биржасы ашылғаннан кейін айтылады. Қазіргі уақытта Қазкоммерцбанктің өтімді активтерінің деңгейі  орташа көрсеткіштен жоғары 2,5 млрд долларды құрайды. "Мен фейсбуктегі барлық комментарийлерді оқып шықтым. Қызмет көрсету мәселесіне келгенде біздің артта қалып келе жатқанымыз байқалады. Бір жағынан, клиенттеріміздің негативті пікір қалдыруын да жөн деп санаймын. Демек әлі де бізбен бірге жұмыс істеп келе жатқан клиенттерімізді алып қалуымыз қажет. Мен өзім және өзге де банк басшылығы осы мәселемен жеке айналысуға дайын", - деп атап өтті Кеңес Рақышев. Банктың алдағы жоспарларының бірі - шағын және орта бизнеске көбірек қолдау көрсетіп, ритейлге ауысу. БТА банкінің мықты тұстарының бірі болған аймақтық бизнесті дамыту мәселесіне назар салынады. "Менің бірнеше жыл бойы "Өз бизнесіңді құр" жобасына қолдау көрсетіп келе жатқанымды білесіздер. Шағын және орта бизнесін жүргізгісі келетін кәсіпкерлердің барлығы - өте жауапты адамдар. Банк олармен әріптес болу үшін, олардың бизнесіне қолдау көрсету үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалану қажет",- дейді ол. Қазір банктің шағын және орта бизнесті несиелендіру көрсеткіші 20%-ды құрайды. Банктың жаңа стратегиясының таныстырылымы кезінде KazkomLab қаржы зертханасының жобасы таныстырылды. Банк қазір жобаның дайындық кезеңінде. KazkomLab мақсаты - банктер пайдаланбайтын алдыңғы қатарлы  өнімдер өндіру, инновациялық стартапшылардың бизнесіне қолдау көрсету. Қазкоммерцбанк 2016 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстандағы 35 банк арасынан актив көлемі жөнінен 1 орынды иеленеді.

Похожие материалы