Астана. 16 қараша. 7kun.kz – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының төрағасы Мағзұм Мырзағалиев компанияның халыққа сатылатын акцияларын сатып алу арқылы қанша пайда табуға болатыны туралы айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.
«Акциялардың табысы жөнінде айтсақ, біз алдымен қаржылық консультанттарымызға – бірнеше банкке сүйенеміз. Олардың болжамынша, қысқа мерзімді преспективада акциялардың өсімі 30-50%-ды құрайды», – деді Мырзағалиев астанада өткен брифингте.
9 қарашада «ҚазМұнайГаз» халықтық IPO-ға қатысуға институционалдық инвесторлардан өтінімдерді қабылдау басталды, ал 2 желтоқсанда бөлшек инвесторлардан (халықтан) өтінімдерді қабылдау аяқталады. Одан кейін арнайы комиссия кімге және қанша акция берілетінін анықтайды.
Сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қызметкерлеріне де акциялар сатып алуға шектеу қойылмайды. Олар да жеке тұлғалар болып есептеледі.
«Жыл соңына дейін акциялар әрбір инвестордың қалтасына түседі. Ал дивидендтер жыл сайын төленеді, әрбір жылдың қорытындысы бірінші тоқсанның соңына дейін, яғни 31 наурызға дейін шығарылады, содан кейін төлем жасалады», – деді Мырзағалиев.
Айта кетейік, ҚМГ компанияға тиесілі акциялардың 5%-ын, яғни 30 505 974 жай акциясын сатады. Бір акцияның құны – 8406 теңге.