Қостанайда қазақтың көрнекті ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының үйін бұзып тастады
Қостанай облысы. 17 маусым. 7kun.kz – Биыл 150 жылдығын атап өтетін Ахмет Байтұрсынұлының кіндік қаны тамған үйінің ізі де қалмаған. Бұған дейін іргетасы тұрған. Ахаңның көзіндей сол берік іргетасты мердігерлер бұзып тастап, орнын тез үгітілетін таспен өрген, деп хабарлайды 7kun.kz «Хабар 24-ке» сілтеме жасап.
Оның өзінде қиюын келтірмей, жұрттың ашуын туғызған еді. Бұл әрекет жалпақ жұртқа әйгі болды.
«Осында әжеміз Ахмет атамызды дүниеге әкелді-ау деп өзіміз ойлайтын едік. Астан-кестені шыққан. Ізі де қалмаған, дымы да қалмаған. Ең соңғы Ахметтің өзімізде бар ескерткішінен айырылып қалып тұрмыз», – деді А.Байтұрсынұлы ауылының тұрғыны.
Жермен жексен болған аумақта былтыр екі бөлмелі үй тұрған. Ұлт ұстазы Сарытүбектегі осы баспанада дүниеге келді, дейді жұрт. Оны ескерткіш ретінде тұрғындар 2009 жылы бастапқы кейпіндегі іргетастың үстінен салған.
Биыл мамыр айында үй қайта жаңғыртылады деп шешілді. Тендер жарияланып, мердігер жұмысқа кіріскен. Бірақ 22 млн теңгенің құрылысы орта жолда тоқтап қалды. Нысанда сапасыз материалдар пайдаланғаны туралы видеолар әлеуметтік желіге тарап, дау шықты. Жауапсыз мердігермен келісім екі жақпен үзілген. Оған бір тиын да төленбегендіктен іс сотқа жетпейтін болды.
«Саман кірпіштен қайта құйылған үй. Былайша айтқанда көріксіз, заман талабына сәйкес келмейтін, әрі қарай қалпына келтіруге мүмкіндігі жоқ үй болатын. Ол дәл Ахмет Байтұрсынұлының туған үйі емес. Соның іргесінің негізінде көтерілген үй. Үлкендердің айтуынша, ауыл адамдарының айтуы бойынша қаланған үй. Сондықтан біз оны былайша айтқан кезде Ахмет Байтұрсыновтың туған үйі жер бетінен ысырылып тастады деуге келмейді. Тарихи шындыққа жанаспайды», – мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.
Қазір сүрілген аумақ тегістеліп жатыр. Жаңа үйдің құрылысы жобаланып қойған. Қыркүйекке дейін салынып бітуі тиіс.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024