Қазақстан нарығында 25 жылдан бері жұмыс істеп, жоғары сапалы өнімдерімен тұтынушылардың сұранысын қанағаттандырып келе жатқан «Raimbek Group» холдингісі бүгінде елімізге ғана емес, шет елге де танылып үлгерген ірі кәсіпорынның бірі.
Тарихы
«Raimbek Group» тарихы 1992 жылдан басталады. Ең алғаш «Райымбек» кішігірім коммерциялық фирмасы ретінде Сингапур, Жапония, Италия, Швейцария және Гонконг секілді елдерден тұрмыстық техника жеткізу ісімен айналысты.
Холдингтің хронологиясы
1998 жылы Raimbek Group холдингінің құрамына кіретін Raimbek Bottlers компаниясы өз жұмысын бастады. Жаңа цехтар ашылып, Tetra Pak техникалық жабдықтары сатып алынды. Соның көмегімен отандық сусындар мен шырындар өндірісі дами бастады.
Бүгінгі күні Raimbek Bottlers танымал 5 брендті шығарады. Олар: «Juicy», «Junior», «Frutta Mix», «Palma» және «Fantan». Барлық өнімі Қазақ тағамтану академиясында мақұлданған. Бірнеше рет тұтынушылар Лигасы тағайындаған «Мінсіз» сапа белгісімен марапатталды. Қазіргі уақытта «Juicy», «Junior» және «Palma» сусындары Ресей, Тәжікстан, Қырғыстан, Моңғолия, Қытай және Грузияға экспортталып отырады.
«Raimbek Group» ЖШС 2001 жылы «Raimbek Agro» зауытын іске қосты. Ол Қазақстанда ультрапастерленген сүт өнімін шығаратын бірінші өнеркәсіп болып табылады. «Raimbek Agroның» негізгі сауда белгісі – «Айналайын». Осы брендпен шығатын сүт өнімі «Жыл таңдауы» республикалық байқауының бірнеше мәрте жеңімпазы атанды. 2015 жылы жүргізілген дегустация нәтижесі бойынша екінші орынға табан тіреді. Зауыт «Айналайын» брендімен шығатын балаларға арналған сүтті өндірумен де айналысады. Бұдан бөлек «Милоко» және «Беби бомба» сауда белгілерімен танымал өнімдері де бар. 2017 жылдың ақпан айында кәсіпорынға 25 жыл толады. Мерейтойына орай «Айналайын» және «Juicy» брендімен шығатын жаңа өнімдерді әзірлеп үлгерді.
Raimbek Group холдингіне кіретін «Райымбек-Алко» әлемдік беделі бар алкогольді сусындарды Қазақстанға эксклюзивті түрде жеткізумен айналысады. Шетелдік әйгілі алкоголь өнімдерін шығаратындар: Bacardi-Martini, Brown Forman, Tommasi, Castello Banfi, Les Grands Chais de France, Concha y Toro және Gallo Family Vineyards сынды компаниялармен серіктестікке отырған. Осы брендтермен шығатын өнімдер импортты алкогольді сусындар нарығының 30 пайызын құрайды.
2003 жылдан холдинг құрамына кіретін City Fair Trade компаниясы өзінің қызметін бастады. Грузиялық IDS Borjomi Georgia өнімінің Қазақстанға ресми импорттаушысы болып табылады. Оның негізгі өнімі көпшілікке белгілі емдік қасиеті мен көпжылдық тарихымен танымал «Borjomi» брендінің минералды суы.
2007 жылы Raimbek Group бастамасымен Alma Prodex компаниясы құрылды. Оның қызметінің негізгі мақсаты – алма, өрік, шабдалы мен қара өрік сияқты жемістерді өсіру. Алма бақтары мен жеміс плантациялары Алматы облысының Ұйғыр ауданының Бахар кентінде орналасқан. Осы жемістерді өсіру және өндіріске жіберу арқылы танымал брендті «Juicy», «Junior», «Frutta Mix», «Palma» және «Fantan» шырындарын нарыққа шығарады. Дәл осы брендті өнімдер Қазақстандағы шырындардың сатылым көлемі бойынша бірінші орында.
Басшылық
«Raimbek» холдингі Директорлар кеңесінің төрағасы – Райымбек Әнуарұлы. Бүгінде еліміздегі танымал әрі табысты бизнесмендердің бірі. Сұхбаттарының бірінде «Біздің стратегиямыз бар, біз дүркін-дүркін туып отыратын дағдарыстар мен күрделі экономикалық жағдайларға қарамастан, жетіліп келеміз. Менеджментте табыскерлік-үдерісті оңтайландыру және оларды автоматтандыруға үлкен мән береміз. Бір қарағанда түсінікті сияқты. Бірақ, білу бір бөлек. Оны жүзеге асыру бір бөлек. Бұл екі түрлі тәсілдеме. Жүзеге асыру – қашанда ең күрделісі» дейді Райымбек Баталов. Холдинг президенті – Айгүл Ахметова. Кәсіпорын филиалдарында ақпараттық технологиялар мен тағам сапасын анықтайтын басқармалар, маркетинг бөлімдері, бренд-менеджер, бизнес-жаттықтырушылар және т.б. жұмыс істейді.
[caption id="attachment_60714" align="alignnone" width="940"] Райымбек Батталов, Фото:Raimbek Group[/caption]Деректер
«Raimbek» компаниясында білім беру, мәдениет және спорт салаларын, сондай- ақ, әлеуметтік маңызды шараларды қолдау бағдарламасы жүзеге асырылып тұрады. Жастардың іскерлік жобаларын дамытуды қаржыландыруға да көңіл бөледі. Одан бөлек, аталмыш кәсіпорын тұрмысы төмен отбасылар мен балалар үйіне, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, параолимпиадалық комитетке, Қазақстанның «Қызыл жарты ай» ұйымына жүйелі түрде қайырымдылық көмек көрсетеді. Жыл сайын Қазақстанда 600-ге жуық балалар турнирлерін өткізеді.
Айта кету керек, 2003 жылы Raimbek Group холдингі сыртқы нарыққа да қадам басты. Қытайда Raimbek Food (XINJIANG) Co. Ltd компаниясы құрылған еді. Ол Қытай нарығы үшін шырын өндірумен айналысты. ҚХР-да бұл өзінің жеке 100% капиталымен кірген бірінші қазақстандық компания болды. Дегенмен, бірнеше жыл бұрын зауыт қытайлық кәсіпкерлерге сатылып кетті.
Алматы қаласында Raimbek Group холдингінің бес бөлімшесі орналасқан.
- «Raimbek Agro»
- «Raimbek-Bottlers»
- «Raimbek Alco»
- «CityFairTrade Ltd»
- «Alma Prodex»
Нұрила Әбдіманап «7»