Құрбан айт кезінде жылдағыдай құрбандыққа шалынатын қой бағасы үлкен өзгеріске ұшырайды. Орташа баға 18-20 мыңнан басталады.
Интернет арқылы тілдескен Бекзат есімді сатушы жеке шаруашылықпен айналысқандықтан, бағаны өзі белгілейтіндігін айтты.
"Мен бағаны ешқандай көтермеймін. Былтыр бір тоқтыны 18-20 мың аралығында саттым. Биылда солай болады. Ал үлкен қойлар 25 мыңға дейін барады. Шариғат бойынша құран оқып, арнайы сойып беретін адамдар бар. Оларға қосымша ақша алмаймын" - дейді ол.
Мұндай бағаны тек таныстар арқылы, болмаса интернеттен табуға болады. Егер базардан қой сатып аламын десеңіз асықаныңыз жөн. Себебі базардағы кейбір алыпсатарлар бағаны асыра сілтейді. Мысалы былтырғы жылы қой бағасы басында 17 мыңнан басталып 35 мыңға дейін көтерілген болатын. Ал дәл мейрам күні 50 теңгеге жеткен еді.
Total.kz-тың жазуынша, базардағы баға бұдан өзгешелеу. Мысалы, Шымкенттің базарларында тоқтылар 18-20 мың теңгеден басталады. Ал 30-35 кг ет беретін үлкен қойлар 27 мыңға жетеді. Жергілікті базарларда Құрбан айт кезінде қой бағасы 40-45 мыңға дейін өседі. Оған қоса, қасапшыға беретін ақша бөлек есептелуі мүмкін.
Бағаларды салыстыру үшін Алматыдағы ет орталықтарының біріне хабарласып көрдік. Олар мейрам кезіндегі бағаны әлі қоймаған. Ет сатушы Лена: " Бізде бәрі халал. Ет бағасы әртүрлі. Мейрам кезінде бағаны өсірмейміз. Қажет болса тірідей үйге алып барып береміз. Жеткізу тегін", - деді.
Естеріңізге сала кетейік, Хиджра жыл санағы бойынша (1436-1437) 24 қыркүйек күні Құрбан айт мейрамы басталады. Шариғат бойынша, шамасы жеткен адамдар құрбандық шалып, ниет етеді.