Ресейлік ЛУКОЙЛ директорлар кеңесінің төрағасы аурухана терезесінен секіріп, қаза тапты
1 қыркүйек. Мәскеу. 7kun.kz - Президент іс басқармасы Орталық клиникалық ауруханасында емделіп жатқан ЛУКОЙЛ директорлар кеңесінің төрағасы, бірінші атқарушы вице-президенті Равиль Маганов қаза тапты. Бұл туралы ресейлік БАҚ жазды.
Оқиға таңғы 7:30-да болған. Ірі компанияның топ-менеджері алтыншы қабаттан құлаған. Құқық қорғау органдары мұны суицид деп бағалап отыр.
Mash-тың жазуынша Маганов жүрек ауруына байланысты ем қабылдап жатқан.
Равиль Маганов 1954 жылы Татарстанда дүниеге келген. Оның бауыры да мұнай компаниясының топ-менеджері, «Татнефть» компаниясының басшысы. Маганов «Лангепаснефтегазда еңбек жолын бастап, директорлыққа дейін жеткен. Кейін бұл компания «Урайнефтегаз» және «Когалымнефтегаз»-бен бірігіп, «ЛангепасУрайКогалымнефть» (ЛУКОЙЛ) деп атала бастады. Ресейлік БАҚ қайтыс болған топ-менеджер «ЛУКОЙЛ» деген атаудың да авторы екенін жазуда. Ұзақ жылдар бойы ЛУКОЙЛ-да басшы қызметтерін атқарған Маганов 2020 жылы Валерия Грайфер қайтыс болған соң, директорлар кеңесінің төрағасы болды.
Айта кетейік, Ресейде соңғы жылдары мұнай-газға қатысы бар компаниялардың басшылары бірінен соң бірі түсініксіз жағдайда көз жұмуда. Оның көпшілігі өзіне қол салған. Олардың басым бөлігі Газпромға қатысы бар топ-менеджерлер.
Еске салайық, мамыр айында ЛУКОЙЛ-дың топ-менеджері Александр Субботин қаза тапқан еді. Оның денесін 8 мамыр күні Мытищыдағы жеке үйде тапқан. Құқық қорғау органдары оның жүрек талмасынан қайтыс болғанын хабарлады.