Ресейдің Россельхознадзор мекемесі 16 мамырдан бастап карантиндік талаптардың бұзылуына байланысты Түркиядан жеміс пен көкөніс әкелуге тыйым салуы мүмкін. Бұл туралы Орталық Азия жаңалықтар қызметі хабарлады.
Россельхознадзор жетекшісінің орынбасары Юлия Швабаускене "Осындай шешім қабылдану мүмкіндігі өте жоғары", – деп мәлімдеген. Оның сөзінше, келесі апта басында тексеру қызметі әзірге тыйым салынған өнімдер тізіміне енбеген жеміс пен көкөніс түрлерін әкелуді тоқтатуды қарастыруы мүмкін.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 12 мамырда Россельхознадзордың бұл әрекетінде ешқандай саяси астар жоғын мәлімдеді. "Россельхознадзор өзінің арнайы жұмысымен айналысады. Менің түсінгенімдей, ол жерде не үшін екені анық айтылған", – деді Песков.
Қазір Түркия Ресейге жеміс пен көкөністің едәуір түрін сата алмайды. Ресейде мұндай тыйымдар 2015 жылдың қарашасында түрік әскери әуе күштері Сириямен шекаралас ауданда ресейлік Су-24 бомбалаушы ұшағын атып түсіргеннен кейін салынды.