Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Ресейдегі мемлекеттік компаниялардың басшыларына табыстарын жарияламауға рұқсат берілді

Ресейдегі мемлекеттік компаниялардың басшыларына табыстарын жарияламауға рұқсат берілді

Мемлекеттің бақылауындағы компаниялардың топ-менеджерлеріне табыстарын жарияламауға рұқсат берілді. Ресей үкіметінің премьер-министрі Дмитрий Медведев осындай қаулыға қол қойды деп хабарлайды "Коммерсантъ" және "Ведомости"  басылымдары.

№ 276 қаулы бойынша 23 ашық акционерлі қоғамдастықтың басшылары мен олардың отбасы мүшелерінен табыстарын көрсету туралы міндеттемелер алынып тасталды. Толығымен мемлекетке тиесілі, басшылығы үкіметтің қатысуымен тағайындалатын компаниялардағы басшылардың орынбасары мен бас есепшілері ғана жеке кірісі туралы мәлімет жариялайды.

Бұл тізімге енбейтін компаниялар бұрынғысынша  үкіметке кірісі мен шығысы туралы барлық ақпаратты көрсетуге міндетті болады. Ал БАҚ-қа тек коммерциялық емес ұйымдардың (КЕҰ) басшылары ғана жеке табыстарын жариялайды.

Ресей премьер-министрінің баспасөз-хатшысы Наталья Тимакованың түсіндіруінше, коммерциялық компаниялардың топ-менеджерлері мемлекеттік қызметкер емес кәсіпкерлер болып есептеледі. "Үкіметтің компания акционері болуы оның коммерциялық құрылымын өзгертпейді. Бұл жерде топ-менеджер табысы туралы мәліметтерін үкіметке көрсетуі қажет, бірақ олар коммерциялық құпия болып қалады. Ал КЕҰ - бөлек мәселе, себебі олар  бюджеттен қаржыландырылады",- деп атап өтті Н.Тимакова.

Ал Ресей президентінің баспасөз-хатшысы Дмитрий Песков бұл мәселенің үкімет құзырында екендігін айтып, пікір білдіруден бас тартты.

2013 жылы мемлекеттік компаниялардың басшылары үкіметке өз табыстары туралы ақпарат беруге міндеттелген еді.  «Роснефть», «Газпром», РОСНАНО, Сбербанк, ВЭБ, «Роснефтегаз», «Транснефть» тәрізді кәсіпорындарды қосқанда тізімде барлығы 63 компания бар.

Ал 2014 жылы Д.Медведев РТЖ, «Роснефть», «Газпром» және басқа да ұйымдарды өз кірістерін компаниялардың сайтында жазуға міндеттейтін қаулыға қол қойды. Сондай-ақ, компания басшылары жеке табысы, дүние-мүлкі және оған жұбайы мен кәмелетке толмаған балаларының иелігі туралы ақпаратты да көрсетуі қажет болды.

РТЖ басшысы Владимир Якунин мен "Роснефть" басшысы Игорь Сечин өз табыстарын жариялаудан бас тартты. Владимир Якунин мұны отбасының қауіпсіздігімен түсіндірсе, "Роснефть" басшысы президенттің табысын көрсету туралы қаулысы өзіне қатысты емес деп мәлімдеді.

Похожие материалы