Алматы. 27 шілде. 7kun.kz – Ресейдің бірқатар өңірлерінен Қазақстанға құс еті мен жұмыртқа тасымалдауға шектеу енгізілді, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Ресейдің Орел, Ростов және Нижегород облыстарында жоғары патогенді құс тұмауы вирусының жаңа ауруының тіркелуіне байланысты осындай шешім жасады.
«Қазақстанның аумағына тірі құсты, инкубациялық жұмыртқаны, қауырсын мен мамықты, құс еті мен құс өнімдерінің барлық түрлерін, сондай-ақ термиялық өңдеуден өтпеген (кемінде 70°C), құстарға арналған азық қоспалары, таксидермиялық өңдеуден өтпеген аң аулау олжаларын (қанатты құс) импорттауға уақытша шектеулер қойылды», - делінген министрлік мәліметінде.
Мұнымен қоса, Ресей Федерациясының аталған аймақтарынан құстарды союда және бөлшектеуде қолданыста болған құрал-жабдықтарды пайдалануға да тиісті шектеулер енгізілді.