Мәскеуде іс-сапармен болған Италия, Греция, Кипр, Испания, Австрия, Венгрия және Словакия басшылары Ресейге қарсы енгізілген санкциялар режимінің жұмсартылғанын қалайды. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлайды.
Осыған дейін британдық Financial Times мерзімі маусымда бітетін санкцияларды тағы да жарты жылға созу туралы қорытынды мәтін әлі келісілген жоқ деп жазған еді. Бұл мәселеге байланысты сұрақты ЕО-тың 28 мемлекеті қолдауы қажет.
Bloomberg мәліметтеріне сүйенсек, санкцияға қарсы шыққан елдері тобы бейсенбі күні Брюссельде басталатын екікүндік ЕО саммитінде "өздерін көрсеткісі келеді". Айта кетейік, осыған дейін Мәскеуде Кипр президенті Никос Анастасиадис, Италия премьер-министрі Маттео Ренци болды. Сәуірдің басында грекиялық премьер Алексис Ципрас келуі қажет. Аталған елдерден бөлек Венгрия, Словакия, Австрия және Испания елдері де қарсы шықты.
"Бұл елдер санкциялар режимін созуға келіспейді және санкциялар уақыты біткенге дейін шешімдерін кері шегеруі мүмкін", - дейді еуропалық реформа бойынша лондондық Орталықтың директоры Иан Бонд.