Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін.
Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек.
Осы мақсатты алға тартқан, Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Физика-математика факультеті, Ақпараттық технологиялар кафедрасы 10 сәуір күні, факультет студенттерінің арасында Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына 2 жыл толуына орай, «Бәсекеге қабілетті маман даярлау – заман талабы» атты интеллектуалдық сайыс өткізді.
Сайысқа Физика-математика факультетінің 5 мамандығы бойынша, үш тілді жетік меңгерген, жан-жақты білімі бар, белсенді студенттер құрамынан тұрған 4 команда қатысты. Сайыс «Таныстыру», «Қызық екен?», «Білімді ұрпақ - кемел мемлекеттің тірегі», «Суреттер сөйлейді», «Қиял әлемінде» атты 5 кезеңнен тұрды.
Әр кезеңде командаларға еліміздің тарихынан сыр шертетін елеулі оқиғалар, еліміздің тарихы, мәдениеті, спорт саласында аянбай еңбек сіңірген елеулі тұлғалар жайлы сауалдар, студенттің ой-өрісін бағамдайтын логикалық сұрақтар, ой-тартыстардан тұрды. Әр кезең ерекше форматта өтіп, көрермендердің ықыласын арттырды.
Сайыста әділ-қазылар алқасы төрелік етіп, әділ бағаларын беріп отырды. Қызықты да тартысты өткен сайыста, 5В011000-Физика мамандығының «Альбатрос» командасы ең жоғары ұпаймен алға түсіп, І орын иеленсе, «5В010900-Математика» мамандығының «Жас математиктер» командасы ІІ орын, «5В011100-Информатика» мамандығының «Smart қыздар» командасы ІІІ орын иеленді.
Ұйымдастырушы кафедра тарапынан шыққан, «5В070300-Ақпараттық жүйелер» мамандығының «Эверест» командасы ойынның тартысты да қызықты өтуіне атсалысып, ұпай сандарымен алда болса да, өзге командаларға жол берді. Сайысты ұйымдастырушыларының мақсаты - рухани жаңғыруды сипаттау және патриоттық сананы ынталандыратын, ұлттық құндылықтарды жаңғырту, студенттердің бойында ұлттық сананы ояту, ұрпақ санасына, туған халқына деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімін ұялату, ұлттық рухты сіңіру болғаны айқын көрініс тапты.