Экономика
«Самұрық-Қазына» АҚ кадрлық құрамы 65% жаңарды
«Самұрық-Қазына» АҚ кадрлық құрамы 65% жаңарды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қордың басқарма мүшесі-Адам ресурстарын басқару жөніндегі басқарушы директор Ұлан Тәжібаев хабарлады.
«Ұйымдастыру құрылымын оңтайландыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Біз басқарушы құрамды 16 адамнан 9 адамға дейін қысқарттық, сондай-ақ қызметкерлер санын 15 %-ға дейін қысқартуды көздеп отырмыз», - деді Ұлан Тәжібаев.
Оның айтуынша, біліктілік талаптарының күшеюіне байланысты соңғы екі жылда Қор штаты 65 %-ға жаңарған. Жақын арада 22 %-ға дейін жаңарту жоспарланып отыр.
«Жаңарған Қордың қызметкерлері халықаралық тәжірибе мен стандарттарды игерген жоғары білікті мамандар болуы тиіс. Сонымен қоса, елдің алдында тұрған, халықаралық ауқымдағы күрделі міндеттерді орындауға білігі мен құлшынысы болуы шарт», - дейді Ұ.Тәжібаев.
Қордағы басшылық қызметке үміткерлерді іріктеу үш бағыт бойынша жүргізіліп жатыр: Компаниялар тобының өз ішінен, Қазақстан нарығынан және шетелден талантты, білікті қызметкерлерді іздеп, табу. Шетелдік мамандарды жұмысқа тартудағы мақсат олардың қазақстандық әріптестерімен тәжірибесін, білімін бөлісу болып табылады.
Отандық мамандарды жұмысқа тарту кезінде Қор шетелдік оқу орындары түлектерін біріктіретін «Болашақ» ассоциациясымен және «Қазальянс» ұйымымен тікелей байланыс орнатып отыр.
Өз кезегінде Басқарма төрағасының кеңесшісі Дэниэл Крюсберг Қорға қызметкерлерді алу кезінде ашықтық пен әділдікті басшылыққа алатындарын жеткізді.
«Біз ресми сайтымызда бос вакансиялардың барлығын да ашық жария етіп отырмыз және кез келген үміткердің осы вакансияларға өтініш беруіне болады. Сайтта әр конкурстың нәтижесі тұрақты жарияланып отыр. Сондықтан жұртшылық әділдік қағидасының сақталғанына, бос орындарға конкурстық іріктеудің 8 сатысынан өткен кандидаттардың жұмысқа тұрғанына көз жеткізе алады», - деді Д. Крюсберг.