«Самұрық-Қазына» АҚ портфельдік компаниялары басшыларына жеке жауапкершілік жайы ескертілді
Нұр-Сұлтан. 19 шілде. 7kun.kz – Сатып алулар кезінде анықталған барлық бұзушылық фактілерін қор құқық қорғау органдарына өткізетін болады. Бұл туралы "Самұрық-Қазына" АҚ Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев бүгін, 19 шілдеде қорды реформалау жөніндегі кеңесте мәлімдеді, деп хабарлайды 7kun.kz.
Қор сатып алу процестеріне тек әдістемелік басшылықты және Қор мен портфельдік компаниялардың сатып алуын жүзеге асыру саласында бақылауды қамтамасыз ететінін тағы да атап көрсеткім келеді. Бірінші басшылар және сатып алу мәселелеріне жетекшілік ететін басшылар сатып алуды өткізу кезінде жіберілген бұзушылықтар үшін жеке жауапты болады. Бұған қоса, бақылау нәтижелері бойынша тапсырыс берушілердің қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгілері бар іс-әрекет жасау (әрекет жасамау) фактісі анықталған жағдайда, Қор бақылау материалдарын құқық қорғау органдарына беретінін ескертемін.
Қор басшысы алдын ала біліктілікті іріктеу (АБІ) арқылы сатып алу рәсімдеріне де жеке тоқталып өтті.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «QazaqGas» ҰК» АҚ және «ҚазТрансОйл» АҚ тарапынан жаңа санаттарды әзірлеуде белсенділіктің төмендігі байқалады. Оң тәжірибе ретінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның «Достық - Мойынты» инвестициялық жобасын АБІ 2.0 номенклатурасына жедел енгізуге қатысты жұмысын атап өткім келеді. Нәтижесінде бұл ҚТЖ-ға әлеуетті жеткізушілерге қойылатын талаптарды ашуға және егжей-тегжейлі зерделеуге және тәжірибелі жеткізушілер арасында сатып алулар жүргізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Алмасадам Сәтқалиев портфельдік компаниялар басшыларының алдына дербес міндеттер қойды. Атап айтқанда, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-қа мұнай жеткізілімдерін әртараптандыру, Транскаспий бағдарын іске асырудың оңтайлы нұсқасын пысықтау және Атырау-Кеңқияқ және Кеңқияқ-Құмкөл мұнай құбырларының қуаттарын арттыру бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.