Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев осы аптада өткен үкімет отырысында 2016 жылғы 9 айдағы экономика өсіміне қатысты баяндама жасады. Бұл статистика расында нені білдіреді?Расында да біздің экономика өсіп жатыр ма?
Ұлттық экономика министрі Бишімбаевтың айтуынша, ЖІӨ 0,4 пайызға өскен, бұл аз, бірақ қаңтар-тамыздағы 0,3 пайыздық өсімнен жоғары. Баяндамадан кейін премьер-министр Бақытжан Сағынтаев үкіметке жыл соңына дейін 0,5 пайызға өсуді тапсырды.
- Бұл тапсырманы орындайтынымызға ешкімнің күмәні жоқ шығар, - деді министр.
Іскерлік әкімшілік докторы, Almaty Management University доценті Ерлан Ибрагимнің айтуынша, Статистика комитетінің сайтындағы деректер арасында министр есеп берген кезеңді қамтитын уақыттағы экономика өсімі жайлы ақпарат жоқ. Ал қолда бар мәліметтерге қарап айтсақ, Қазақстан 6,9 және 4,9 пайыз өскен құрылыс пен ауыл шаруашылығының арқасында аз болса да оң көрсеткішін сақтап отыр.
- Министр айтқан ақпараттың рас-өтірігін айту қиын. Мүмкін ауыл шаруашылығы мен 2017 жылғы көрме, Универсиада мен Жол картасы аясында құрылыс жұмыстары нәтижесін беріп жатқан болар. Бірақ энергия тұтыну азайып жатқан кезде ЖІӨ 0,4 пайызға өсті деп айтудың өзі қиын. КОРЭМ сарапшылары әзірлеген деректер бойынша, 2016 жылдың 1-жартысында республикада энергия тұтыну 45216,7 млн кВт/сағ құраған. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 1 пайызға аз. Осылайша, министрдің айтқанын экономикалық өсім емес, нашардың ішіндегі ең тәуір дерек дегенге ғана келіңкірейді.
Сарапшы, сонымен қатар, көрсеткіштері біршама азайған өндірістік кәсіпорындарды да атап өтті. "Тіпті құрылыс саласындағы өсімнің өзі де ойландырады: неге ондағы өсім өндірістің дамуына ешқандай әсер етпеген?", - дейді маман.
Ерлан Ибрагимнің айтуынша, экономика - дағдарыста. Бұған дәлел – ЖІӨ-дегі өндіріс үлесі - 2 пайыз, экспорт - 28 пайызға азайып, кәсіпорындардың дебиторлық қарызы 8,7 пайызға артуы.
- 2016 жылдың 9 айында ЖІӨ 0,4 пайыза өсуін оң көрсеткіш үшін дөңгелектелген статистика деуге болады. Одан басқа да деректермен, мысалы: табыстың артуы, қылмыс санының азаюы, тұтынушылар бағасының төмендеуі секілді статистикамен бізге экономика көрсеткіштерін оң етіп көрсеткісі келеді, - дейді ол. – Бірақ бұл қазіргі министр мен министрлер кабинетінің мәселесі емес. Қазіргі дағдарыстың басты себебі – 2015 жылы екі рет болған девальвация. Ал девальвацияның себебі осыған дейін әлі реткен келтірілмеге экономика құрылымы.
Экономист Мағбат Спанов 9 ай бойы ЖІӨ 0,4 пайыз ғана өзгергенін өсім деп айтқан экономика министріне таңқалатынын айтты. Оның айтуынша, 1 пайызға дейінгі өсім көрсеткіші экономика теориясында стагнация болып саналады. Одан бөлек, сарапшының пайымдауынша, 0,4 пайыз алға жылжу - экономика өсімі емес, инфляциялық процестердің нәтижесінен пайда болған көрсеткіш.
- Баяндамасында ЖІӨ-нің өскенін айтудың орнына министр жағдайы нашарлап жатқан экономика секторларын дамытатын инвестициялар іздеп, Қазақстан резиденттерінің экономикалық белсенділігін арттырудың амалын табу керек. Экономикадағы мұндай мәселелер қоғамға тікелей әсер етеді де, әлеуметтік проблемалар мен конфликтілер тудырады. Бізде бәрі жақсы екенін айта бермей, міне, осындай мәселемен айналысу керек, - дейді сарапшы.
Маман «Жыл соңына дейін елдің ЖІӨ-сі 0,5 пайыздан аса ала ма?» деген сұраққа «Қазақстан статистикасында бәрі мүмкін» деп жауап берді.
- Өкінішке қарай, қазір біздің статистика түрлі салалардың экономикалық және қаржылық жағдайын анық көрсетпейді. Бізде ақпараттың бәрін әсірелеп, логикалық қате салыстырулар жасайды. Ал шындықты көргіңіз келсе халықтың таза табысын қараңыз, қолданылатын қызметтер көлемі мен шағын және орта бизнестің дамуына үңіліңіз. Бағаларды өсірген инфляция есебінен тұтыну көлемі артқан болар, бірақ шындығына келгенде физикалық тұтыну көлемі азайып жатыр, - дейді Мағбат Спанов.
Айта кетейік, Қуандық Бишімбаев 2016 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы ЖІӨ өсімі 0,4 пайыз құрағанын мәлімдеген еді. Тауарлар өндірісі - 0,2%, қызметтер – 0,4% артты. Оның айтуынша, 2016 жылы айында Қазақстан экономикасына шетелдік инвестициялар көлемі артып, 5,7 млрд АҚШ долларын құрады, өткен жылмен салыстырғанда 4,4 есе артқан. .
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024