Өткен аптада Brent маркалы мұнай бағасы 54 доллардан түсіп, 53,77 долларды құраған еді. Бүгін мұнай құны барреліне 55,51 доллар болып отыр. Қара алтын құнының белгілі бір дәлізде жүріп, шикізат құнының жиі құлдырауына сарапшылар АҚШ-ты кінәлап, оны «ОПЕК елдерінің келісімін бұзды» деп айыптайды.
2017 жылы қаңтардың 1-інде ОПЕК елдері тәулігіне өндірілетін мұнай көлемін 1,2 миллионға қысқартып, 32,5 миллион баррельге жеткізуге келіскен еді. Катардың энергетика мен өндіріс министрі Мұхаммед бен Салех ас-Саданың айтуынша, ОПЕК-ке кірмейтін елдер де тәулігіне өндіретін мұнай көлемін 600 мың баррельге қысқартты, тек Ресей 300 мың баррельге ғана азайтуға келісті. Аталған келісім алты айды қамтиды.
Солтүстік Дакота университеті жанындағы энергетика мен қоршаған ортаны зерттеу орталығының вице-президенті Джон Харью келісім барлық елдердің талаптарды толық орындағанда ғана тиімді болатынын айтады. «Бірақ кейбір елдер келісімдегі шарттардың кейбірін сақтамай отыр», - дейді сарапшы.
Өткен аптада АҚШ-тың энергетика министрі жариялаған есеп нарықтағы шикізат бағасының өзгеруіне алып келді. Ол есепке сәйкес, Америка сыртқы нарыққа шығаратын мұнай қорын 4,1 млн баррельге немесе 0,9 пайызға арттырған. Одан бөлек, елдегі мұнай өндіру көлемі 2 пайызға немесе тәулігіне 176 мың баррельге артқан. The Wall Street Journal газетінің жазуынша, бұл – өткен жылдың сәуірінен бері болған ең жоғары көрсеткіш.
АҚШ ОПЕК елдері мен мүше емес мемлекеттер келген мәміленінің шеңберінін шығып қана қоймай, өздерінің баламалы шикізаты – сланц мұнайын қарқынды өндіріп, нарықтағы баға тұрақтылығына қауіп төндіре бастады. Ресейдегі стратегиялық зерттемелерді әзірлеу орталығының басшысы Алексей Кудрин сланцты мұнай айналымға кірсе, мұнай бағасы алдағы 5-6 жылда барреліне 40-50 доллар шамасына қайта арзандауы мүмкін екенін айтады. АҚШ-тың энергетика министрі апта сайын жариялайтын есебінде күн сайын өндіретін сланцты мұнай көлемін 170 мың баррельге арттырғаны белгілі болды. Бұл – 2015 жылдың мамырынан бері болған ең үлкен көрсеткіш.
Bloomberg-тің мұнай жөніндегі сарапшысы Джулиан Лидің жазуынша, ОПЕК мұнай бағасын барреліне 50 долларға көтеру мақсатында жиын өткізіп, келісімге келе алмай жатқан кезден бастап-ақ АҚШ сланц мұнайын өндіру жылдамдығын арттырып келген. АҚШ-тың минералды ресурстар департаментінің басшысы Линн Хелмстің айтуынша, Америкадағы Солтүстік Дакотада орналасқан Данн округіндегі 5180 шаршы метр аумақта орналасқан сланц мұнай қорының таза бағасы 15 долларды құрайды. Ол жерден күніне 200 мың баррель – АҚШ-тағы барлық мұнайдың бестен бір бөлігі өндіріледі. Америкадағы мұнай кеңесінің президенті Рон Несстің айтуынша, АҚШ-қа мұнай бағасы барраліне 45 доллар болса да тиімді, ал 55 доллар тіптен сланц мұнайының өндірісін арттыруға одан әрі жол ашады. Сондықтан америкалық трейдерлер қауымдастығының атқарушы директоры Майкл Мурдың пайымдауынша, ОПЕК елдерінің мұнай нарығын азайту туралы келісімге келуі америкалық сланц мұнай ын өндірушілер үшін қуанышты жаңалық болған.
Мұнай нарығының сарапшысы Джулиан Ли енді ОПЕК-тің алдында тағы бір қиындық пайда болғанын айтады. Оның пайымдауынша, өндіру арзан әрі тиімді болғанмен, түсіретін табысы көп, ай сайын өндірілетін көлемі артып келе жатқан сланц мұнайы енді қалыпқа келе бастаған мұнай нарығында баға тұрақсыздығын тудырады.
Жыл басында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры 2017 жылғы қара алтын бағасына жасалған болжамда құны барреліне 50-52 доллар шамасында болады деп мәлімдеген еді. Қор мұнай бағасына қатысты неге мұндай төмен болжам жасағанын «ОПЕК нарықтағы мұнай қорын қанша азайтуға тырысамыз деп келіскенімен, оның орнын қарқынды өндіріліп жатқан АҚШ-тың сланц мұнайы басады» деп түсіндірген.