Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Сарапшы: Президенттік жүйе сақтала береді

Сарапшы: Президенттік жүйе сақтала береді

25 қаңтар күні ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік басқарудың жаңа жүйесі туралы түсіндірді. Жаңа жүйеге байланысты оның өкілеттілігі Парламент пен Үкіметке бөлініп берілмек. Президенттің мұндай шешімінен кейін бірден түрлі талқылаулар болып жатқаны рас. Ал бұған саясаттанушылар не дейді?

Саясаткер Әміржан Қосановтың пікірінше, Президенттің бұл бастаманы жария етуінің екі басты себебі бар.

 - Біріншіден, өзінің маңындағы ықпалды топтарды ертеңгі, постназарбаев кезеңіндегі нақты жағдайға бейімдеп, билік тармақтарын өзара бөлісіп алудың алғышарттарын осы күннің өзінде жасап беру. Яғни, енді барша жұрт дербестік алып жатқан үкімет пен мәжілістің басшылары кім болатынын қадағалуы тиіс. Бәлкім, постназарбаев кезеңінің басты тұлғалары солар болмақ. Екіншіден, ел ішіндегі әлеуметтік-экономикалық жағдай күн сайын қиындап бара жатыр. Судың да сұрауы бар. Тұрмысы қиындаған сайын қарапайым халықтың билікке айтар сыны да, оған деген наразылығы да күшейе түспек. Осы сынның алдын алып, ол жауапкершіліктен президентті құтқарып, тиісті өкілеттіктерді үкіметке жүктеп жатқан әсер қалды...", - дейді саясаткер.

Сарапшының айтуынша, Үкімет пен Мәжілістің өкілеттіктері біршама күшейеді. Бірақ президенттік жүйе сақталады. "Сондықтан да бірді-екілі министрдің тағдыры қиындап кетуі мүмкін, бірақ толыққанды реформа болады, билік тармақтарының тепе-теңдігі түпкілікті орнығады, осының бәрі ел өмірін күрт өзгертеді деп кесіп-пішіп айту қиын болар", - дейді ол.

Саясаттанушы Досым Сәтбаев болса Президенттің өкілеттілігін бөліп беру себебі - ол соңғы кездегі Үкімет пен Парламент тарапынан кетіп жатқан түрлі қателіктерді реттеуден шаршаған болуы мүмкін деген пікірде.

Сарапшының сөзінше, алдымен өкілеттілікті бөліп бермес бұрын, оны жүйелі, шынайы түрде жүзеге асыра алатын саяси институттарды күшейту керек еді. Алайда бізде өкілеттілікті дұрыс іске асыра алатын жүйе қалыптаспас бұрын, оны тек бөліп беру мәселесі бірінші орынға қойылды.

"Бізге парламентке "зомби партиялар" немесе "флюгер депутаттар" емес, бәсекеге қабілетті ойыншылар отыра алатын партия мен сайлау жүйесі қажет. Бұдан бөлек парламент тек партиялық тізімді ғана емес, мажоритарлық принциптерді де ретттеу керек. Тек осы жағдайда ғана мемлекеттік басқарудағы өзгеріс ішкі элиталық топтардың өз арасында ғана емес, заңды түрде орындалар еді. Елдегі саяси тұрақытылыққа кепілдік болар еді"

Саясаттанушы Дос Көшімнің айтуынша, демократиялық институттар жұмыс істемеген жерде биліктің бөлінісі ешқандай нәтиже бермейді. Бұдан белгілі бір саяси реформаның нәтижесі болады деу қиын.

"Мен биліктің бұл бөлінісіне үлкен күдікпен қараймын. Сенбеймін. Егер 90-шы жылдары билікті осылай бөлсе түсінуге болар еді. Ал қазір президенттің айтқанынан шықпайтын парламент бар. Сондықтан билікті парламентке берсе де, үкіметке берсе де Президент өзінің мақсатын, пікірін, ойын жүзеге асыра бареді. Өйткені қарсы пікір айтатын, президенттің көтерген бастамасына сын көзбен қарайтын ешкім жоқ. Сондықтан бұл "биліктің бөлінісі" деген аты ғана бар. Бірақ менің ойымша, барлығы бір орталықтан, Президент аппаратынан басқарылып қала береді. Бұл тек сыртқы декорациясы", - дейді сарапшы.

Дегенмен бұл реформадан оң өзгеріс күтетіндер кездеседі.

Ал Ерлан Қариннің пікірінше, Президенттің шешімі Парламент статусын көтеру ғана емес, Үкіметтің өзін-өзі басқаруын күшейту. Бұл шынымен Қазақстан билігіндегі қарым-қатынастың өзгеруі деуге болады.

"Айта кететін жайт, Қазақстан Президенттік Республика ретінде қала береді. Президент билікте жоғарғы арбитр ретіндегі рөлін жалғастыра береді. Бірақ Президент тек стратегиялық қызметтер, сыртқы саясат, ұлттық қауіпсіздік мәселелерін талқылауға араласатыны нақты айтылды. Дегенмен біз ескі билік жүйесінен біртіндеп алшақтай береміз. Жаңа шарттарға икемдене бастаймыз. Осы тұрғыдан алғанда алдағы болатын өзгерістер оңтайлы болады", - дейді саясаттанушы. 

Похожие материалы