Алматы. 10 тамыз. 7kun.kz - Қазақстан қор биржасы төл валютамыздың әлсіреуін тұрғындардың эмоцияға қатты берілуімен түсіндірді. Яғни, азаматтар антиресейлік санкциядан қорқып, жаппай долларды сатып алуға кіріскен. Ал, бұл АҚШ долларының қымбаттауына әкеліпті. Бұл туралы ktk.kz хабарлады.
Биржадағылар қазір жағдайдың тұрақталғанын айтады. Сондықтан, алаңдауға негіз жоқ дейді. Бірақ, әлемдік нарықты бақылап отырған шетелдік экономистер теңгеге қатысты былай дейді: "Шілде - Қазақстан қор биржасы үшін сәтсіз айлардың бірі болды. Өйткені, сауда-саттықтың жалпы көлемі 48 пайызға төмендеген. Ал, биржада үстемдік етуші - сол баяғы АҚШ ақшасы. Бірақ, бұл жолы доллармен жасалған сауда-саттық өткен аймен салыстырмалы түрде біраз азайған".
Соған қарамастан, АҚШ ақшасы теңгені әлсіретіп жіберді. Төл валютамыз тек доллар емес, KASE-дегі сауда-саттықта барлық шетелдік валютаға қатысты құнын жоғалтқан. Яғни, бір айдың ішінде теңге еуроға қатысты 4,4, юань 2,5, ал долларға қатысты 1,8 пайызға арзандаған
"Бірінші кезекте сыртқы факторлар әсер етті. Ресейге салынып жатқан санкцияларды халық қорқынышпен қабылдады. Кейбір ақпарат құралдары жұртты одан сайын дүрліктіріп қойды. Салдарынан, бізде ішкі фактор қалыптасты. Долларға сұраныс дереу артты", - деп атап өтті «Қазақстан қор биржасы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Андрей Цалюк.
Қазір жағдай тұрақталған. Қор биржасындағылар алаңдауға негіз жоқ дейді. Айтуларынша, ештеңеге қарамастан, теңге жақын арада арзандамайды.
"Иә, бағам бірден төмен түсіп кетті. Яғни, нарықта спекуляциялық жағдай болды. Ал, оны қалпына келтіруге қымбаттап жатқан мұнай бағасы көмектесті", - деді Андрей Цалюк.
Десе де, әлемдік нарықты қырағы бақылап отырған сарапшылардың пікірі мүлдем басқаша. Олар KASE-дегілердің бұлайша сабырлы болуына негіз жоқ дейді. Себебі, теңгеге кері әсер ететін жағдайлар жетерлік. Төл валютамызға АҚШ пен Солтүстік Кореяның кикілжіңі де, Америка мен Еуропа нарығындағы қор индекстерінің төмендеуі де, инвесторлардың сенімсіз активтерден бас тартуы да әсер етпей қоймайды. Сондықтан, шетелдік экономистер қазақстандықтардың кез келген жағдайға дайын болғаны абзал деп отыр.
Ресейлік сарапшы Олег Богданов былай дейді: "Рубль арзандайды. Ол қазіргі бағамынан 10 пайызға құнсызданады. Яғни, долларға шаққанда 64-65 рубльге дейін түседі. Сәйкесінше, Қазақстанның Ұлттық валютасы да арзандайды. Теңгенің жағдайы қарашада қиындай түсуі мүмкін".
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024