2017 жылдың басынан бері ұлттық валютаның долларға қатысты курсы шамамен 9 теңгеге нығайды. Теңге курсына қатысты болжам жасаған кей сарапшылар 1 доллар 310 теңгеге дейін түсуі мүмкін екенін айтса, бірі ұлттық валютаның нығаюын уақытша құбылыс деп бағалады.
IFC Markets сарапшысы Дмитрий Лукашов ел экпортының 69 пайызы минералды өнімдер екенін алға тартып, теңгенің нығаюына мұнай бағасының тұрақтылығы себеп болып отырғанын айтады.
«Теңгенің нығаю себебі ретінде Қазақстан экономикасының тұрақты өсімін айтуға болады. 2016 жылы жалпы ішкі өнімі 1 пайызға артқан. Сонымен қатар, бюджет дефицитінің көрсеткіші төмен болды да, 2,2 пайызды құрады. Ал ЖІӨ-ге қатысты сыртқы қарыз көлемі 20 пайыздан асты. Менің ойымша, теңгенің нығаюы ОПЕК-тің келесі отырысы болатын мамырға дейін жалғасуы мүмкін», - дейді сарапшы.
Оның пайымдауынша, мұнай нарығындағы қазіргі динамика сақтала берсе, доллар қатысты бағамы 310 теңгеге дейін арзандап кетуі мүмкін. Бірақ маман ары қарай курстың төмендей беру ықтималдылығы аз, себебі оған Ұлттық банк кедергі келтіретінін айтады.
Ал «Цесна Капитал» сарапшысы Дархан Лұқпанов ұлттық валютаның ары қарай нығаюға мүмкіндігі бар екенін айтады.
«Бұл теңгенің басқа баламалы валюталарға қарағанда жоғары табысты болып, оған азаматтардың қызығушылығы артқанына байланысты болып отыр. Сондай-ақ, теңге курсына әсер ететін тағы бір маңызды фактор – мұнай болып отыр. Менің болжауымша, Brent маркасының бірінші жартыжылдықтағы бағасы барреліне 50-60 аралығында болады, сәйкесінше, 1 доллардың құны 310-340 деңгейінде жүруі мүмкін», - дейді маман.
Ол сондай-ақ Ресей рублінің қазіргі курсына тоқталды. 3 ақпанда сауда нәтижесінде рубль курсы долларына 58,94 рубльді құрады. Бұл 2015 жылдың 29 шілдесінен бергі минимал көрсеткіш. 7 ақпанда 1 доллар 59,3 рубльден сатылды.
«Ресейдің қаржы министрі ішкі нарықты реттеу үшін рубльді сатып алып жатқанына қарамастан, ресейлік валюта арзанға сатылып жатыр. Бұл жағдай Қазақстанға әсер ететінін ескерсек, теңгенің нығаюға әлі де мүмкіндігі бар. Егер мұнай бағасы тұрақты болып, Ұлттық банк курсқа араласпаса, доллар ақпан-наурыз айларында 310-315 теңге шамасында сатылуы әбден мүмкін», - деп тұжырымдады сарапшы.
"ФИНАМ" компаниялар тобының сарапшысы Зварич Богданның айтуынша, теңге динамикасы рубльдің нығаюына байланыс анықталғанын әрі қазақстандық активтер әлі де тартымды болғандықтан теңгеге деген сенім сақталып отырғанын айтады. Бірақ маман ресейлік рубль мен теңгені салытыра келіп, теңгеге билік тарапынан сатып алуы секілді мәлімдемелер жасалып, курсқа «қысым көрсетілмейтінін» жеткізді.
Бірақ «Казкоммерц Секьюритиз» активтерді басқару департаментінің директоры Айвар Байкенов «теңгенің нығаюы уақытша құбылыс қана» дейді. Оның ойынша, доллардың әлсіреуі екі факторға байланысты болған.
«Алғашқысы – 55-57 доллар аралығында сәл ғана өзгеріп жатқан мұнай нарығындағы жайлы әрі тұрақты жағдай. Екіншісі – ірі салық төлемдері, оның ішінде 2016 жылы үлкен көлемдегі корпоративті табыс салығының төленуі. Оның үстіне ақпан айында мұнай экспорттаушылар өздерінің жеке салығын төлейді. Екі фактор да белгілі бір уақытқа дейін ғана созылады. Cалық кезеңі аяқталады, ал АҚШ-тың сланцты мұнай қоры артып жатқандықтан, мұнай бағасы қайта арзандап кетуі ықтимал. Әзірге бағаның түсуіне себеп болмағанмен, мұнай бағасы барреліне 50-53 доллар болуы мүмкін деген қауіп бар», - дейді департамент директоры.
Байкенова сондай-ақ жақын арада теңге курсының тұрақтылығына төніп тұрған үш қатерді анықтады.
«Біріншіден, Ресей билігінің рубльдің нығаюын қаламай, орталық банкінің базалық мөлшерлемені түсіруі. Екіншіден, Қазақстанның ақша-кредиттік саясатын жұмсартуы теңгедегі активтердің өтімділігін түсіреді, сәйкесінше теңге әлсірейді. Үшіншіден, теңгенің қазіргі курсын ескеріп, шетелдік валютаны сатып алатын банктер, бизнес пен азаматтар көбеюі мүмкін. Мұның бәрі теңге курсының 330-335 шамасына дейін құнсыздануына әкелуі мүмкін», - дейді сарапшы.
Естеріңізге салайық, Ресейдің орталық банкі осы жылдың ақпанынан бастап ішкі нарықтағы рубльді жаппай сатып алу науқанына кірісті. Мұндай интервенцияның мақсаты – федералды бюджеттегі «жыртықтарды жамау үшін» рубль курсын 10 пайыз құнсыздандыру. Әзірге ақша айырбастау орындарында ешқандай дүрбелең боп жатқан жоқ. Бірақ, ресейлік басылымдардың жазуынша, жоспарланған девальвация басталып кетті. Олар орталық банктің шаралары рубльдің долларға қатысты курсын 60-тан 70 рубльге дейін көтеріп тастауы мүмкін екенін жазады.
7kun-ге жауап берген қаржыгер Расул Рысмамбетов Ресей Қазақстанның ең үлкен сауда әріптесі болғандықтан, көрші елде девальвация болса, ол бізге сөзсіз зиянын тигізетінін жеткізді. Маман девальвация болса Ресейдің арзандаған тауарларын нарығымызда тағы да қаптап кетеді деп алаңдаушылық танытып отыр. Сарапшы арзандаған импорттық тауарлардың көбеюі елдегі төлем балансына кері әсер ететінін айтады.
Сарапшының пайымдауынша, бізде тап Ресейдегідей 10 пайыздық девальвация болмайды, себебі біздің нарық 100 пайыз Ресейге тәуелді емес. Қаржыгердің болжамынша, девальвация болған жағдайда Қазақстан нарықтық түзетулер енгізеді, ал теңге 3-4 пайызға құнсыздануы мүмкін.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024