Сарапшы: Ұлттық банк араласпағанда доллар 330-335 теңге деңгейінде болар еді
2015 жылдың соңы мен 2016 жылдың басында теңге бағамы 383 теңгеге дейін жетіп, тұрақсыз болғанмен ақпан айынан бастап жағдай реттеле бастады. Сарапшылардың көпшілігі ақпан айындағы теңгенің нығаюын шикізат экспортшыларының салық төлеуімен байланысты деген тұжырым жасайды.
2016 жылдың наурыз айының алғашқы жартысында KASE саудасында АҚШ валютасы тұрақтылығын сақтап, 342-348 теңге деңгейінде болды. Дегенмен сарапшылар парламент сайлауынан кейін ұлттық валюта тағы әлсіреуі мүмкін дегенді айтты. "Асыл Инвест" сараптама департаментінің директоры Айвар Байкенов Ұлттық банк араласпағанда доллар курсы қазіргі 346-348 теңгеден төмен болып, 330-335 теңге деңгейінде болар еді дейді. Бұл туралы ол Kapital.kz сайтына берген сұхбатында мәлімдеді.
«Біздің ойымызша, қазіргі кезде Ұлттық банк теңгенің нығаюына жұмыс істеуде. Егер есепті негізге алар болсақ доллар курсы 330-335 теңге көлемінде болуы керек. Яғни Brent маркалы мұнайдың бағасы 40 доллар, Ресей рублі 68 теңге деңгейінде саудаланып жатқанын есептейміз. Ал соңғы үш айдағы рубльге қатысты теңгенің орташа бағамын ескерсек, Ұлттық банк араласпаған жағдайда АҚШ валютасы 323 теңге деңгейінде болар еді", - деді ол.
Айвар Байкенов реттеуші арқылы теңгенің нығаюы Үкіметтен болған қысымнан болып отыр деген болжам айтты.
«Ұлттық банктің әрекетіне қарап отырып, теңге курсы төмендеген сайын баға еркін айналымда, ал курс нығайған сайын бағам реттеліп отыр деп түсінуге болады. Реттеушінің мұндай саясаты үкімет тарапынан болған қысым бойынша қабылдануы мүмкін. 2016 жылға арналған бюджет 300 емес, 360 теңге есебі бойынша қарастырылды және бюджеттің кіріс пен шығын есебі өзгертілді. Мүмкін үкімет макроэкономикалық жағдайдың реттелуін есепке ала отырып, оптимистік көрсеткішке байланысты бюджетті қайта қарауға ниетті емес шығар. Теңгенің нығаюы үкімет үшін негативті жоспар ретінде қарастырылуда", - деді Айвар Байкенов.
Сондай-ақ, ол Ұлттық банк қазіргі кезде алтын валюталы резервті толтыру арқылы валютаны сатудың орнына сатып алып жатқанын ескертті. "2016 жылдың ақпан айында қаржы реттеушісі нетто-сатып алушы болды, наурыз айында да осы позицияны ұстанады", - деді сарапшы.
Ал Halyk Finance сарапшылары атап өткендей, теңге курсы 2016 жылдың наурыз айында ақпан айына қарағанда әлсіреген.
"Наурыз айының алғашқы жартысында долларға қатысты теңге курсы ресей рублі сияқты аса нығайған жоқ. Бұл трендке байланысты түсінік беруден қиналамыз. Мұның бір себебі Ұлттық банктің халықаралық резервтеріне қатысты болуы мүмкін. Халықаралық резерв мәліметтеріне сәйкес, реттеуші резервтер деңгейін қалыпты сақтау үшін нарықтағы валютаны сатып алуға қызығушылық танытты", - деп есептейді сарапшылар.
Сондай-ақ, Halyk Finance мамандары ұлттық валютаны тұрақты сақтап тұру немесе аса тұрақты валюта курсы жағымсыз жағдайға алып келуі мүмкін деген ой айтады. "Бұл еркін курс айналымына қатысты мәмілеге және ақша-несие саясатының беделіне нұқсан келтіруі мүмкін. Әрі валютаның төмен құбылмалылығы, кез келген шағын өзгерістер мен айырбас бағамының қысымның тез өсуіне алып келеді", - деп атап өтті олар.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024