Экономика
Сарапшылар: ресейліктер мен гректердің еңбек тиімділіктері төмен
Грекия мен Ресей азаматтары Еуропаның өзге елдерімен салыстырғанда жұмыста көбірек болатыны анықталды. Десе де, олардың еңбегі аса тиімді емес дейді Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының сарапшылары. Бұл зерттеудің нәтижесін Bloomberg жазды.
Жұмыста отыратын уақыты бойынша ресейліктер тек гректерге ғана есесін жіберіп отыр. Егер Ресейде қызметкерлер бір жылда 1982 сағатын жұмысқа арнаса, гректер 2034 сағатын арнайды. Бұл - Еуропа елдері ішіндегі рекорд. Бірақ, қанша көп уақыт жұмсаса да, зерттеу нәтижесі бойынша экономика дамуы үшін үлес қосып жатқандары шамалы екендігі белгілі болды.
Сарапшылардың айтуынша, екі ел де Еуропадағы тиімділік деңгейі бойынша төмен нәтиже беріп отыр. Көрсеткіш жұмыста өткізген уақытқа ЖІӨ-нің қатысымен есептеледі. Еуроодақтың 28 елі бойынша орташа көрсеткіш - 50 доллар. Ал, Ресейде аталған шама мынадай: жұмыстың әр сағаты елдің ЖІӨ-не бар болғаны 25,9 доллар қосып отырады. Гректер сағатына 36 доллар қосады.
Еңбек өнімділігінің төмен болуы экономиканың дамуын тежейді. Одан бөлек, демографиялық дағдарыс пен инвестицияның құлдырауы сынды құрылымдық мәселелер де көрсеткішті төмендетеді дейді сарапшылар.