Алматы. 6 маусым. 7kun.kz - Sberbank CIB-тің сараптамалық бөлімшесі - Sberbank Investment Research-тың шолуына сәйкес, Қазақстандағы биылғы инфляция 7,5%-ды құрайды.
"2016 жылдың мамыр айында инфляция көлемі 4,2% болды, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 7,5%-ға жетеді", - дейді Sberbank CIB сарапшылары.
Sberbank сараптамасы бойынша мамыр айындағы тұтыну құнының индексі сәуір айымен салыстырғанда 0,5%-ға өскен. 2015 жылдың мамырында ай сайынғы инфляция 0,3%-ды құраған еді.
Тұтыну құны индексінің жылдық өсімі сәуір мен мамыр айлары арасында 16,3%-дан 16,7%-ға дейін көтерілген. Тұтыну себетіндегі азық-түлік өнімдері - 0,4%-ға, азық-түлік емес өнімдер - 0,7%-ға, әр түрлі қызметтер құны - 0,5%-ға қымбаттаған.
Әр түрлі қызметтер құнындағы жоғары өсім көлік-тасымал тарифтерінің индексациясында байқалған (3,1%). Ал азық-түлік емес өнімдердің қымбаттауы – импорттық тауарларда, соның ішінде киім-кешек пен аяқ киім өнімдерінің бағасында көрініс тапқан (сәуір айымен салыстырғанда 0,9%-2,1% қымбаттаған).
Sberbank CIB-тің қаңтар айындағы болжамында, Қазақстандағы инфляция 2016 жылы 10%-дан аспайтынын айтқан.
Еліміздегі инфляция 2015 жылы 13,6%-ды көрсеткен. Ұлттық Банктің болжауынша, биыл бұл көрсеткіш 8%-ды құрайды.