Парламент сенатының депутаттары мемлекет бюджетінің үш жылға арналған жоспарына күмән келтіруде. Алайда Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев Қазақстан экономикасының қалыпты екенін айтты. Бұл туралы total.kz хабарлайды.
«Экономикалық қиын жағдайда тұрғанда мемлекеттік бюджеттің үш жылға жоспарлаудың қажеттілігі бар ма, жоқ па білмейміз. Бұрындары тек бір жылға жоспарланатын. Ал қазір экономикамызда не болатынын болжау қиын. Соған қарамастан бюджетті 2018 жылға дейін жоспарлап қойдық. Мұндай ұзақ мерзімді жоспардың қажеті бар ма?», – деді Қуаныш Айтаханов Ерболат Досаевқа.
Ал Ұлттық экономика министрі бұған еш алаңдаудың қажеті жоқ екенін жеткізді.
"Бізде экономика дамыған. Инвестициялық болжамдар бар. Бір жылдық бюджетке кірмейтін кейбір жоспарларды біз екі жылға есептедік. Осы саясатты қолдауларыңызды өтінеміз. Біз бюджет саясатын өзгеретуді сұрап отырған жоқпыз. Егер экономикалық жағдай басқаша болатын болса, бюджетке байланысты сіздерге қайта келеміз. Резервтер бар, ешқандай қиындық жоқ», – деді министр.
Фото: info-con.mid.gov.kz