Экономика
Регионы
ШҚО-да қандай мамандық иелері жоғары жалақы алады?
ШҚО статистика басқармасы өткен жарты жыл ішінде жоғары жалақы алған мамандық иелерін анықтады. Басқарма айлық жалақы мөлшері жоғары сала мен аудандарды атады деп хабарлайды YK-news.kz.
Айлық жалақы мөлшері бойынша өнеркәсіп иелері мен қаржыгерлер көш бастап тұр. Алғашқылары орта есеппен 127,4 мың теңге алады. Бұл облыс бойынша орташа көрсеткіштен 32,2 пайызға жоғары. Ал, қаржыгерлер болса, айына 125,7 мың теңге алады. Көлік және қойма салаласының қызметкерлері, ақпарат және байланыс мамандарының жалақы мөлшері бұлардан азырақ. Айлық ақылары 100 мыңға жетпейді.
Мәдениет саласының қызметкерлері 50 мыңнан сәл жоғары алады. Бұл облыс бойынша орташа көрсеткіштен 45,6 пайызға төмен. Тамақтандыру саласында бұдан жоғарырақ. Орта есеппен 64,4 мың теңге.
Аймақтар бойынша айтар болсақ, Риддерде жалақы көбірек. Шамамен, 115 508 теңге деп есептеліп отыр. Бұл дегеніміз, облыс көрсеткішінен 20 пайызға жоғары. Одан кейінгі орында Өскемен және Курчатов тұр: 109 мың теңге. Көштің соңында Тарбағатай жүр. Облыс көрсеткішінің үштен бірін алады. Яғни, орта есеппен 65 мың теңге алады деген сөз.
Шығыс Қазақстан осымен бесінші жыл қатарынан жалақы деңгейі бойынша республикада оныншы орында тұр. Ал, ең жоғары жалақы алатын қызметкерлер Маңғыстау және Атырау облыстарының тұрғындары. Сәйкесінше, 229,2 мың теңге және 217 мың теңге.