Өскемен. 31 тамыз. 7kun.kz - ШҚО прокуратурасы мүмкіндігі шектеулі жандардың төлеуден босатылғанына қарамастан түрлі салықтар мен салымдарды ұзақ уақыт бойы бюджетке төлеп келгенін анықтады. Бұл туралы ШҚО прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Нақтырақ айтқанда, құзырлы органның қызметкерлері талдау барысында 2015 жылдың қаңтары мен 2017 жылдың маусымы аралығында өңірдің 12 мың 128 мүгедегі мемлекет қазынасына 40 миллион теңге шамасында төлем жасағанын анықтаған.
Төлемдер мүгедектердің олардан заңмен босатылғанына қарамастан жасалған. Қарастырылып отырған уақыт аралығында мүгедектер жер және мүлік салығын, мүлікті мемлекеттік тіркеу алымдары мен өзге мемлекеттік баждарды бюджетке өтеп келген.
«Заң бойынша мүгедектер негізсіз мемлекет қазынасына ақша төлемдерін жасаса, бұл ақша сомалары мүгедектің арызы негізінде қайтарылуға жатады. ШҚО прокуратурасы білместікпен бюджетке төлем жасаған мүгедектерге аумақтық мемлекеттік кіріс органдарына жүгінуге шақырады. Мемлекеттік баж төлемдерін қайтару өткен 3 жыл, салықтар соңғы 5 жыл бойынша қайтарылады», - деп делінген хабарламада.
Төленген салық төлемдерін қайтару үшін мүгедектерге аумақтық мемлекеттік кірістер органдарына жүгіну қажет. Алымдар мен мемлекеттік баж сомаларын қайтару үшін тіркеу немесе рұқсаттама жұмысын жүргізген органдардан төлемді қайтару негізділігі бойынша қорытынды алып, соңынан салық органына баруға болады.
«Төлемді қайтару арызымен бірге банктегі есеп-шоттың барлығын растаушы құжат пен төлемнің жасалғанын растайтын түбіртектің түпнұсқасы және көшірмесі қажет», - деп хабарлайды прокуратурадан.
Дереккөз: inform.kz