Алматы. 24 шілде. 7kun.kz – 2018 жылы шегірткемен күреске 1,3 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, биыл зиянды организмдермен күрес шараларын ұйымдастыру үшін республика бойынша 3,57 млрд теңге бөлінген. Оның 1,3 млрд теңгесі үйірлі шегірткемен күресуге, ал 1,5 млрд теңгесі бидай ауруларына қарсы химиялық өңдеулер жүргізуге бағытталған. Шегірткелермен күреске қарсы шаралар жергілікті бюджеттен қаржыландырылады.
Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының деректеріне сүйенсек, биыл 5,1 млн гектар жерге аса зиянды организмдер мен карантинді объектілер таралады деп болжанған екен. Оның ішінде үйірлі шегіртке 1,9 млн гектар жерге таралады деген қауіп бар.
Сондықтан дәл осы көлемдегі аумақта күрес шаралары жүргізілуде. Атап өтерлігі, әзірше егіс алқаптары зиянкестерден зардап шекпеген.