СберБанк Қазақстан және оның барлық жүйесі штаттық тәртіпте жұмыс істейді, жеке және заңды тұлғаларға қаражаттар мен сервистер толық көлемде қолжетімді, деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.
"Теңгедегі және шетел валютасындағы шоттардан ақша шешіп алу және оларды толықтыру офистерде, банкоматтарда, Sber KZ мобильді қосымшасында және СберБизнесте, сондай-ақ басқа да қызмет көрсету каналдарында шектеусіз қолжетімді. Барлық төлем жүйелерінің пластикалық карталары бойынша тауарлар және қызмет ақысын төлеу, ақша аударымдары және операциялар жүргізіліп жатыр және толық көлемде қолжетімді болады. Валюта айырбастау шектеусіз жүргізіледі.⠀Қабылданған шектеулер клиенттердің қаражаттарының сақталуына және қолжетімділігіне әсер етпейді.⠀Сбербанктің орын алған жағдайда қалыпты жұмыс істеу үшін барлық қажетті ресурстары мен тәжірибесі бар", делінген мәлімдемеде.
Кеше осындай мәлімдемені ресейлік СерБанк те жасаған. Ақпаратта кеңселердің барлығы жұмыс істейді, клиенттердің қаражаты қолжетімді делінген.
Айта кетейік, кеше АҚШ президенті Ресейге қосымша санкция салынғанын мәлімдеді. 13 компания, банк қосылған тізімде ресейлік Сбербанк те бар. Бұған алаңдаған қазақстандық қолданушылар әлеуметтік желіде банктегі шоттарын жапқан жөн бе, деген сұрақ қойып жатыр. Кейбірі тіпті жауып тастағаны туралы жариялады. Әзірше банк мәлімдемесінен бөлек санкцияның қазақстандық СберБанкке әсері қаншалықты болатыны туралы толық ақпарат жоқ.