Экономика
Шетелден көлік әкелудің жаңа ережелері
Қаңтардан бастап өзге шетелден көлік әкелетіндер Көлік құралы құрылымының қауіпсіздігі туралы куәлігін алуға міндеттелді. Бұл туралы 24.kz хабарлады.
Бұл ережеге бағынбағандар көліктерін тіркей алмайды. Қазақстандық стандарттау және сертификаттау институты өзге елден көлік алуға бел буған тұрғындарды алдымен ережемен танысуға шақырады.
"Көлік алғысы келген жеке тұлға немесе заңды тұлға болсын, kazinst.kz сайтына кіріп, тиісті схемаларды көруге болады. Онда схема түрінде, алгоритм түрінде жеке тұлғалар, заңды тұлғалар тиісті көлік құралын кіргізу ережелерімен таныса алады",- деді Қазақстан стандарттау және сертификаттау институтының маманы Ербол Сейпілев.
Техникалық регламентпен танысып, көрші елдерден көлік жеткізгендер бірінші кезекте сынақ зертханасына барады. Онда көліктің қауіпсіздігі, жүруге жарамдылығы, стандартқа сайлығы тексеріледі. Талапқа сай, жарамды болып өткен көліктерге ғана Көлік құралы құрылымының қауіпсіздігі туралы куәлік беріледі. Осы құжатты алғаннан кейін жол полиция басқармасына апарып, тіркеуге қояды. Қазақстанда қазіргі уақытта арнайы мамандандырылған 35 зертхана жұмыс істеп тұр.
"Ол зертханаға бірнеше құжат тапсыру керек. Өтініш, көліктің техникалық паспорты, сатып алу туралы келісімшарт, экологиялық стандартқа сәйкестігін растайтын құжат. Осыдан кейін көлікке зерттеу жүргізіледі. Куәлік бір күннің ішінде беріледі. Ал қызмет құны – шамамен 15 мың теңге",- деді «Ұлттық аккредиттеу орталығы» Сәйкестікті бағалау басқармасы басшысының орынбасары Айдар Дәулетбаев.
Фото: uz24.uz