Астана. 12 қаңтар. 7kun.kz – Қазақстанға 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру биыл 23 қаңтарда басталады. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.
«Үкімет 11 қаңтарда Қазақстан Республикасының аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолданудың және осындай көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінен босатудың қағидаларын, шарттары мен мерзімдерін бекітті», – деді Лепеха.
Ережелер 2023 жылғы 23 қаңтарында күшіне енеді және сол күннен бастап шетелдік автокөліктерді заңдастыру басталады.
Автокөліктерді бастапқы мемлекеттік тіркеу үшін 200 мың теңге алым төлеу қажет. Шетелдік көліктерге қойылатын талаптар:
- елге 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінуі керек;
- іздеуде болмауы шарт;
- басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы керек;
- кедендік тазартудан өтуі қажет.
Ережелер 2023 жылғы 1 шілдеге дейін күшінде болады және жеңіл автокөліктерге, шағын, орта автобустарға (толық салмағы 5 тоннаға дейін) және шағын жүк автокөліктеріне (толық салмағы 3,5 тоннаға дейін), оның ішінде басқару органдары оң жақты орналасқан көліктерге қолданылады. Тіркелетін шетелдік автокөліктерге жасына және экологиялық сыныбына талаптар қойылмайды.
Заңдастыруға өтінішті «Электрондық үкімет» порталы арқылы немесе арнайы ХҚКО-ға жеке жүгіну арқылы беруге болады. Мамандандырылған ХҚКО-ларда арнайы секторлар ұйымдастырылады, олар тек автомобильдерді заңдастыруға құжаттарды қабылдауды жүзеге асыратын болады.
Сондай-ақ Әкімшілік полиция қызметкері қатысып, жария етуден өту тәртібін және Мемлекеттік кірістер органдарының қызметкері, қажет болған жағдайда кедендік төлемдерді төлеу тәртібін түсіндіреді.