Экономика
Регионы
Шымкентте 8 инвестициялық жобаның құрылысы жүріп жатыр
Шымкенттегі жаңа көліктік-логистикалық аймақта 8 инвестициялық жобаның құрылысы жүріп жатыр. Бұл туралы бүгін «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен брифингте «Көліктік-логистикалық аймағы» басқарушы компаниясы» ЖШС-нің бас директоры Сұңғат Абдуллаев айтты, деп хабарлайды Bnews.kz.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың макроаймақтарды қалыптастыру шеңберінде көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі көліктік-логистикалық орталық салуға 92 гектар жер телімін бөлген.
«Оның 20 гектары инфрақұрылымды салуға бағытталса, 72 гектарында 8 инвестициялық жобаның құрылысы қолға алынды. Бөлінген жер телімі Шымкент қаласының халықаралық әуежайынан 2 шақырым, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автожолынан 4 шақырым және ТрансАзиялық темір жол магистралінен 500 метр қашықтықта орналасқан», - дейді ол.
Сұңғат Абдуллаев көліктік-логистикалық орталық аумағында мұздатқыш камералардан бастап, көкөніс қоймаларынан және құрғақ қоймалардан тұратын жалпы ауданы 230 мың шаршы метр «А» және «В» санатты қоймалар да салынып жатқанын хабарлады. Сонымен қатар, орталық аумағында контейнерлік алаңша, кедендік терминалдар, дистрибуциялық орталық, техникалық қызмет көрсету орталықтары, кеңсе ғимараттары, тамақтану орындары және қонақүй қарастырылған.
«Құрылыс 2 кезеңге бөлінген. Бірінші кезең бойынша жұмыстар биыл, екінші кезеңдегі жұмыстар 2016 жылы аяқталады деп жоспарланған. Көліктік-логистикалық орталықтың салынуы біздің облыстың 510 мың шаршы метр қойма жайлардағы қажеттілігінің 45 пайызын өтейді. Тұрақты 726 жұмыс орнының ашылуына сеп болады», - деп атап өтті ол.