Алматы. 5 ақпан. 7kun.kz – Сингапур 2018 жылдың мамыр айында 19 км биіктіктен басқарылатын әуе шарын ұшыруды жоспарлап отыр. Бұл жайлы жергілікті In.Genius компаниясының басшысы Лим Сэн мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.
Лим Сэннің сөзіне қарағанда, әуе шарымен ұшатын ұшқыш белгілі, тек әзірше оның есімі құпия сақталып отыр. Шарға Аустралияның Алис Спрингс қаласынан «старт беріледі».
Шарға орнатылған, қалыпты қысым мен 28 градустық температура жағдайын, сондай-ақ бу-газ экземасына шалдығудан сақтайтын арнаулы капсула - стратостат пилоттың «Армстронг шегінен» де биікке шығуына, яғни теңіз деңгейінен 19200 метр көтерілуіне мүмкіндік береді.
Сингапур мамандары осы жобаны іске асыруға 2013 жылы кіріскен. О баста оны 2015 жылы Сингапурдың 50 жылдығына орай ұшыру жоспарланған еді. Бірақ компания стратостатты белгіленген мерзімде жасап шығара алмады. Оның үстіне азаматтық авиация басқармасы да бұған рұқсат бермеген.
Кейін, 2016 жылы компания Алис-Спрингстен ұшқышсыз шарды сәтті ұшырды. Сол кезде шар Жер бетінен (теңіз деңгейінен) 30 км биіктікке дейін көтерілген еді. Бұдан тыс, стратосфераға тышқандарды ұшыру эксперименті де сәтті аяқталды: кеміргіштер ғарышпен шектесетін озоносферада 110 минут өткізді.
Жоба құны құпия күйінде қалып отыр. Дегенмен, 2014 жылы жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында In.Genius басшысы 7,6 млн АҚШ доллары шамасында қаржы жұмсалғанын айтқан болатын.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!