Майданнан кейінгі Украинаның жағдайы және Донбастағы соғыс ел экономикасына қаншалықты шығын келтіргені - саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да қызығушылық тудыратын мәселе. 7kun.kz осы күнге дейін соғыстан Украина экономикасына тиген залалды санамалап көрді де, есебін назарларыңызға ұсынып отыр.
Донбастағы әскери қимылдар
Өткен жылдың қыркүйегінде берген сұхбатында Украинаның премьер-министрі Арсений Яценюк Донбастағы әскери әрекеттердің әрбір күні 80 млн гривна көлемінде қаржылай шығын әкелетінін айтқан болатын. Қазір қанша кетіп жатқандығы белгісіз, бірақ осы шамадан артық екені анық. А.Яценюктен соң Украинаның Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі өз есебін ұсынды: Донбастағы әскери әрекеттерден мемлекеттік бюджетке келетін шығын - 30 млрд гривна. Соғыс болған жерде өрт, жарылыс, қирау болатыны анық. Қысқасы, инфрақұрылым зардап шегеді. Оны қалпына келтіру мәселесі туындайды. Осы жылдың ақпанында Украина премьер-министрі Арсений Яценюк боевиктерден босатылған Донецк пен Луганск облыстарындағы аумақтарды қалпына келтіру үшін 1,5 млрд доллар қажет екенін айтқан болатын:Біз орталық билік пен Украина әскерінің бақылауына қайтарылған аумақтардағы Украина шығындарын есептедік... Біз USAID-ті, шетелдіктерді шақырдық. Олар зерттеу жүргізді: $1,5 млрд - қайтарылған аймақтардың инфрақұрылымын қалпына келтіруге қажет сома.Сондай-ақ, Украинаның мемлекеттік бюджеті елдің оңтүстік-шығысындағы қақтығыс кезінде Донбастан салық жиналмауына байланысты 2,8 млрд доллар жоғалтқаны белгілі.
Макроэкономикалық көрсеткіштер
Бір аймақтағы соғыс жалпы ел экономикасына әсер ететіні түсінікті. Осы әсердің ауқымын негізгі макроэкономикалық көрсеткіштермен өлшеп көрелік. Жалпы ішкі өнімнен (ЖІӨ) бастайық. 2013 жылдың 3 тоқсанында Украина ЖІӨ-сі 1,046 трлн гривна болды, гривнаның орташа жылдық бағамымен есептесек, бұл 130,943 млрд долларды қамтыды. Ал 2014 жылдың 3 тоқсанында Украина ЖІӨ-сі 1,116 трлн гривна, яғни 93,923 млрд доллар болды. Осылайша, Украина ЖІӨ-сінің құлдырауын 28% деңгейінде бағалауға болады. Сауда балансы да нашарлады - ақпан айындағы көрсеткіш бойынша айына 700 млн доллар. Бұл ретте импорт айына 6 млрд доллардан айына 4,5 млрд долларға дейін, ал экспорт 5 миллиардтан 4 миллиардқа дейін қысқарды. Егер инфляция туралы айтатын болсақ, ол жылына 24,9% болып отыр, бұл ретте азық-түлік инфляциясы - 24,8%. Дүниежүзілік банктің болжамына сүйенсек, 2015 жылы Украинадағы инфляция 40%-ға жетеді. Бұл түсінікті де, себебі гривнаға қатысты біршама проблемалар болды - Украинаның валюта қоры 2014 жылдың наурызында 15 млрд доллар болып, қыркүйекке дейін 16-18 млрд аралығында қалқып жүрді, содан соң күрт құлдырай бастады да, 2015 жылдың ақпан айында не бары 5,6 млрд долларды қамтыды, яғни 3 есе төмендеп отыр. Bloomberg-тің берген бағасы бойынша, Украина әлемнің "ең бақытсыз" экономикаларының бестігінде. "Бақытсыздық индексі" инфляция және жұмыссыздықтың сомасы ретінде анықталады. Украинада бұл индекс 27 пайызға тең. Бұл ретте бір жыл ішінде Украина экономикасында жұмыс істеп жатқан адамдардың саны 20,4 милионнан 18,3 миллионға дейін азайған. Ақпан айында Украинадағы минимал еңбекақы 43 долларға (1218 гривна) дейін түсіп кетті. Бұл көрсеткіш бойынша Украина Бангладеш, Гана мен Замбия (46,6 доллар) елдерінен кейін тұр.Халықаралық жәрдем
Қазіргі кезде Украинаның сыртқы қарызы 32 млрд 781,9 млн долларды қамтиды. Ал 2014 жылдың 1 қарашасы мен 2015 жылдың 1 қарашасы аралығында Украина үкіметі, банктер мен бизнес 58,5 млрд доллар сомасына сыртқы қарызды өтеу керек. Соғыстың салдарынан өнім жеткізілімдерінің көлемі азайып, ұлттық валюта бағамы күрт төмендеп кетті. Киевке халықаралық ұйымдардың көмегіне жүгінуге тура келді. 12 наурыз күні Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) Украинаға қаржылай көмектің 5 млрд доллар көлеміндегі алғашқы траншын берді. Жалпы алғанда осы жылы Украина 10 млрд алады. Украинаны қолдаудың осы бағдарламасы бойынша ХВҚ 17,5 млрд доллар бөледі. Бұл сомаға 15 млрд доллар көлемінде қарызды қайта құрылымдау сомасы және жалпы сомасы 7,5 миллиардқа тең G7 елдерінің көмегі келіп қосылады. Наурыз айының аяғында Украина президенті Петр Порошенко Украинаға көрсетілетін халықаралық қаржылай көмектің жалпы соммасы 40 млрд доллар болатындығын мәлімдеді. Дайындаған Алмас Өтебай "7"Похожие материалы
Новости
Экономика
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024