Қазақстандық банктеріне 2017 жыл да оңай соғайын деп тұрған жоқ. S&P Global Ratings халықаралық рейтинг агенттігінің хабарлауынша, елдегі қаржы институттары жалпы ішкі өнімнің төмендеп, теңге курсының құбылып, шикізат өнімдерінің арзандап жатқан кезінде жұмыс істеуге мәжбүр болады. "Мұның бәрі сектордың даму мен табысына және банк активтері сапасының нашарлауына кері әсер етеді" деп болжайды агенттік сарапшылары.
Ұйымның айтуынша, Қазкоммерцбанк пен Халық банк арасындағы келіссөз сәтті аяқталса, бұл екі қаржы институтының нарықтағы салмағын арттырады. Қазақстандағы ірі бес қаржы институтының үлесі мен активтері 2017 жылғы қаңтардың 1-індегі 58-60 пайыздық көрсеткіштен 65 пайызға дейін артуы мүмкін.
«Келіссөз Қазкомның төленбеген кредиттері өтелген кезде ғана екі жаққа бірдей тиімді болады. Біздің ойымызша, мемлекеттің Проблемалы кредиттер қорына бөлген 2 трлн теңгенің көбі аталған келісім аясында Қазкомның балансын тазалауға бағытталады. Онда жағдайда Қазақстанда банк секторының 30-40 пайызын бақылайтын қаржы институты пайда болып, актив көлемі рейтингте бір саты төмен тұрған Цеснабанктыкінен екі есе артып кетеді», - дейді сарапшылар.
Оның үстіне, банк секторындағы әлсіз ойыншылар бақылаушы орган талаптарының қатаңдануына байланысты кетуі де мүмкін деген болжам бар.
Одан бөлек, агенттік Қазақстанның қаржы институттары нарығын зерттеп, «елдің банк секторындағы кредиттік тәуекелдің артып кетуі - ең өзекті мәселенің бірі» деген қорытындыға келген.
«Проблемалы кредиттерге қатысты ресми статистика шындыққа жанаспайды. Біздің пайымдауымызша, банк жүйесіндегі төленбей келе жатқан кредиттердің үлесі 25-30 пайызды құрайды. Банк секторындағы жағдай алынған кредиттер өтеліп, баланстары тазармай жатып жақсармайды», - деп жазылған хабарламада.
Қазақстан банктерінің үштен екісіне жасалып жатқан «негативті» болжам алдағы 12 айда олардың рейтингтері түсу ықтималдылығы жоғары екенін көрсетеді. Бұған банктердің операциялық қызметтерінің нашарлауы мен олардың кредит беру қабілеттерінің әлсірегені де әсер етіп отыр.
S&P агенттігінің болжамынша, 2017 жылы жаңа бизнестің көптеп ашылуы мен банктер табысының артуына елдегі экономикалық өсімнің төменгі деңгейі кедергі келтіреді.
«2017-2020 жылдары жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсу деңгейі инвестиция көлемінің ұлғаюы мен экспортталатын мұнай бағасының жоғарылуы есебінен, сондай-ақ Қашаған кен орнындағы өндірілетін мұнай көлемінің артуынан 2 пайызды құрауы мүмкін. Позитивті болжамның бірі – біз мұнай бағасының тұрақты бола бастағанын ескеріп, теңге курсының қатты төмендейді деп болжам отырған жоқпыз. Осының әсерінен 2017 жылы банктердің табысқа кенелуіне бұл бағыттан кедергі болады деп ойламаймыз», - дейді банк сарапшылары.
Осылайша, мамандар өткен жылы банктердің кредиттік портфелі 0,3 пайызға азайғанымен, 2017 жылы бұл көрсеткіш 3 пайызға дейін өсуі мүмкін екенін айтады.
2016 жылы Қазақстан банктері активтерінің сапасына қатысты біраз жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген. Ұлттық банктің хабарлауынша, проблемалық кредиттердің үлесі 2015 жылғы 8 пайыздық (1,2 трлн тенге) көрсеткіштен 2016 жылы 7,2 пайызға дейін түскен (1 трлн теңге).
Бірақ, рейтинг агенттігінің хабарлауынша, ресми статистика шындыққа жанаспайды: қазақстандық банктердің проблемалық кредиттерінің үлесі ел экономикасымен шамалас басқа мемлекеттердің көрсеткішімен салыстырғанда әлдеқайда төмен. «Көрсеткіштерді жақсарту үшін төленбеген кредиттер қайта құрылымдап, оларды проблемалық кредиттерді санағанда есептелмейтін заңды тұлғаларға рәсімдеген. Бұл - «елдегі төленбеген кредиттердің үлесі 10 пайыздан төмен болуы керек» деген талаптың аясында жасалған шара. 2016 жылдың қорытындысы бойынша, елдегі 33 банктің үшеуі ғана межелі шамадан асқан», - дейді сарапшылар.
"Біздің есебімізше, төлеу мерзімі 90 күннен асып кеткен кредиттер саны 25-30 пайызды құрайды. Егер Қазкоммерцбанктің кредиттері де «проблемалық» санатында қарастырылса, банк жүйесіндегі мерзімінен асып төленбеген кредиттердің үлесі 45 пайызға жетуі мүмкін. Бұл көрсеткіш, - дейді агенттік мамандары, - ресейлік банк секторындағы осындай кредиттердің үлесінен көп әрі Ұлттық банктің есептеу әдісі бойынша шыққан нәтижеден әлдеқайда жоғары».
Мамандар Қазақстан банктерінде тіркелген, бірақ төленбеген кредит пайыздары көлемінің артуы проблемалық кредиттер көлемінің артқанының және бір дәлелі бола алатынын айтады.
«Жүргізілген зерттеу қорытындысы бойынша, банктер 2016 жылы үстемеден түсетін табыстың шамамен 12 пайызын ала алмай қалған. Бұл көрсеткіштің бұлай өсуі елдегі проблемалық кредиттердің артқанын дәлелдейді. Негізінен кей несие алушылар кредитін төлей алмай, уақытша жеңілдік мерзімін алып, сол уақыт аралығында тек негізгі қарызды төлейді. Бірақ, біздің ойымызша, мұндай кредиттер ақыр аяғында проблемалық болып кетеді», - дейді ұйым сарапшылары.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024