СҚО. 2 желтоқсан. 7kun.kz – Арнайы операция барысында есірткінің ірі партиясы мен қару-жарақ арсеналы анықталды, деп хабарлайды 7kun.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.
СҚО прокуратурасының үйлестіруімен облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері синтетикалық есірткілерді жеткізу арнасының жолын кесті.
Петропавл қаласының 29 жастағы тұрғыны Астана қаласынан бөліп салу және облыс аумағында тарату үшін аса ірі көлемде синтетикалық есірткіні жеткізді деген күдікке ілінді. Тінту кезінде одан салмағы 1 келі 113 грамм болатын қоңыр-сарғыш түсті ұнтақ тәріздес затпен 20 түйіншек анықталды.
Тұрғылықты жері бойынша полицейлер дәл осындай затпен полимерлік пакеттерді, өлшеу құралдарын және заттың іздері бар электрондық таразыны анықтады. Сараптама аталған зат «тұз» атауымен белгілі α-PvР синтетикалық есірткісі екенін көрсетті.
Сондай-ақ полицейлер ұсталғанның 51 жастағы әкесінің гаражынан тіркелмеген қаруларды анықтады. Атап айтқанда, қолдан жасалған ШТП автоматтарының муляждары, ИЖ-К тегіс ұңғылы аңшы мылтығы, ИЖ-38 пневматикалық винтовкасы, PERFECTA газ тапаншасы, аңшы және ойықты қарудың патрондары, екі мыңнан астам құрылыс-монтаж патрондары және Ф-1 оқу гранатасы. Ер адам қаруды әуесқой ретінде жинағанын айтты. Қазіргі уақытта тергеу бұрын істі болмаған қала тұрғыны қару мен оқ-дәрілерді қайдан алғанын анықтап жатыр.
«Есірткіні өткізу мақсатында сатып алу, тасымалдау және сақтау фактісі ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы, 287-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткіні жеткізу арналарының жолын кесу, сату фактілерін жою бойынша жұмыс жүргізеді. Жыл басынан түрлі есірткі бұзушылықтарын жасағаны үшін 123 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның 35-і есірткі сатқаны үшін жауапқа тартылған. Заңсыз айналымнан 415 келіден астам психбелсенді заттар алынды», – деді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024