Қазір студенттерге басты мәселе болып тұрған - жұмыс. Оқудан бос кезінде қандай жұмыс жасауға болады және қолайлы қандай вакансиялар бар? Студенттердің оқумен қатар алып жүретін, өзіне тиімді график қоя алатын жеті жұмыс орнын анықтап көрейік.
Даяшы
Бұл мамандық қиын болғанымен, жұмыс уақыты қолайлы әрі айлығы да аз емес. Алматы қаласының даяшылары бір айда орта есеппен 70 мыңнан 300 мыңға дейін айлық алады. Әрине, сіздің табысыңыз істейтін жердің беделіне, атағына байланысты. Мысалы, орта класстық кофеханалардың даяшылары айына 100 мың, ал жоғары классттық - айына 150-200 мың теңге табыс табады. Даяшылардың жұмысын қажет ететін орындардың әр түрі болады, ал қай жер сіз үшін қызықты - ол өз таңдауыңыз.
Промоутер
Жарнама маманы деуге болады. Промоутер жұмысын бір өзіңіз немесе топ болып істеуіңізге болады. Бұл кәсіптің жұмыс кестесі өте ыңғайлы. Жұмыс беруші сізге нақты уақытты белгілемеуі де мүмкін. Сіздің басты міндетіңіз нақты бір берілген тауарды жарнамалау. Жарнама түрі сан алуан. Сіз көшеде жарнама парақшаларын таратасыз немесе ғимарат сыртына сол тауардың атауын жазып кетесіз. Бірақ промоутердің айлық табысы даяшыға қарағанда біршама төмен. Алматы қаласында 20 мыңнан 100 мыңға дейін барады.
Сатушы
Жұмыс іздеу сайттарында жиі кездесетін мамандық - сатушы-кеңесші. Бізде сауда орталықтары мен сауда орындары жетерлік, сондықтан сатушылар сұранысқа ие. Күннің екінші жартысында бос болатын студенттерге бұл өте қолайлы жұмыс, өйткені түс уақытынан түнге дейінгі график бар. Сатушы болып жұмыс жасау үшін, кез келген адаммен тіл табыса алу керек. Резюмеңізді жазып, дүкендерге таратып шықсаңыз сізді тағылымдамаға шақырады. Айлық табысыңыз 40 мыңнан басталып 120 мыңға дейін баруы мүмкін. Бұл мамандықта бонустық есеп көп таралған. Қанша сатсаңыз, сонша аласыз.
Курьер (атшабар)
Аса біліміңізге қарамайтын жұмыстардың бірі - курьерлік. Бір жерден екінші жерге белгілі бір затты, құжатты немесе тауарды жеткізу. Ең бастысы сол қалпында сақтап, затты құртып алмасаңыз болғаны. Егер сіздің жеке көлігіңіз немесе басқа жүріп-тұру құралыңыз болса, айлық табысыңыз да жоғары болады. Мысалы, көлігі бар курьерлер 100 мыңнан 230 мыңға дейін айлық алса, жаяу курьер 30 мыңнан 100 мыңға дейін табыс табады.
Жарнама жабыстырушы
Промоутерліктен не айрмашылығы бар десеңіз, бұл мамандықта нақты нұсқаулықтар бар. Сізге хабараламаны қағаз түрінде береді және қай жерде ілініп тұру керектігін де айтады. Сонда сізге күніне 2-3 сағат уақытыңызды қиып, бір күнге берілген тапсырманы орындау жеткілікті. Жапыстырушының табысы айына емес, күнделікті берілетін жағдайлар бар. Күніне 2 мыңнан 4 мыңға дейін, немесе айына 30 мыңнан 120 мыңға дейін қаражат табуға болады.
Call-center (оператор)
Жастардың ең көп пайдаланатын құралы - телефон. Сізге қоңырау шалып тұрған адамға барынша көмек беру - басты міндетіңіз. Сіз әр-түрлі саланың маманы болуыңыз мүмкін. Мысалы, ұялы байланыс операторы немесе телефон арқылы психологиялық көмек көрсету. Оператор болып сабақтан бөлек түнгі уақытта да жұмыс жасауға болады. Айлық табысыңыз 50 мыңнан 150 мыңға дейін барады.
Аниматор
Егер сіз балаларды жақсы көрсеңіз, олармен оңай тіл табыса алсаңыз бұл жұмыс сізге арналған. Аниматор болып жұмыс жасайтын студенттер баршылық, өйткені аса қиын емес, уақыты да ыңғайлы. Сіз тек балаларға арналған ойын алаңдарында ғана емес, олар үшін ұйымдастырылған мерекеде де жұмыс жасай аласыз. Балаға көңілді мереке жасайтын ата-аналар көп. Сол себепті аниматорлардың жұмысы сұранысқа ие болып тұр. Бүлдіршіндерді ойнатып, көңілдерін ауласаңыз болғаны. Алматы қаласының аниматорлары 40 мыңнан 150 мыңға дейін қаражат таба алады.
Айза АБЛАКИМ "7"
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024