Сыбайлас жемқорлықпен ұсталған қызметкерлердің басшылары отставкаға кетеді
Алматы. 28 қараша. 7kun.kz — Енді саяси мемлекеттік қызметкерлер - министрлер, вице-министрлер, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері мен орынбасарлары, аудандар әкімдері - егер тікелей бағынышты қызметкерлері сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған жағдайда отставкаға кетуге міндетті. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов мәлімдеді.
Орталық мемлекеттік органдардың басшылары немесе министрлер өздерінің орынбасарларының, министрліктің жауапты хатшыларының немесе аппарат басшыларының, сондай-ақ, министрліктің аймақтық департаменттерінің басшыларының сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін тікелей жауапты. Әкімдер өз орынбасарларына, әкім аппаратының басшыларына, сондай-ақ, аудан әкімдеріне жауап береді.
"Бірінші басшы соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен кейін немесе оның тікелей қарамағындағыларға қатысты ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін 10 күнтізбелік күн ішінде отставкаға шығуға міндетті", - деп түсіндірді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар, ұжымдағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жүйелі түрде назар аудармағаны үшін басшының жауапкершілігі енгізілді.
"Бұл өзі басқаратын мемлекеттік органдарда немесе бөлімшелерде сыбайлас жемқорлық тұрғысынан қолайсыз жағдайға алып келеді. Яғни, егер тікелей бағынышты адамдар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасамаған болса, бірақ талдау көрсеткендей, мемлекеттік органда сыбайлас жемқорлық деңгейі күрт жоғарылаған болса, басшының тәртіптік жауапкершілік мәселесі қарастырылады", - деп толықтырды ол.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша түзетулерге қол қойды.