Алматы. 28 ақпан. 7kun.kz – Кеше Тараз қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйде орын алған жарылысқа орай құрылған облыстық штабтың шұғыл отырысы өтті. Оған облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы қатысты, деп хабарлады Жамбыл облысының баспасөз қызметі.
Шқғыл отырыс барысында апатқа қатысты барлық жағдайлар егжей-тегжейлі сараланды. Қайғылы оқиғаның себебін анықтау мен салдарын жою, марқұмдардың отбасы мен зардап шеккендерге көрсетіліп жатқан көмектердің барысы баяндалды.
Асқар Мырзахметов жарылыстың өзектілігіне назар аудартып, оған қатысты барлық жағдай жіті қадағалауда болуын, тиісті жұмыстар мұқият әрі шұғыл орындалуын ескертіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Атап айтсақ, он пәтер иесін анықтау, зардап шегушілердің заттары тонауға түспеуі үшін үздіксіз күзет қызметін ұйымдастыру, апат орын алған аумақтағы қоқыстарды таңғы сағат 4-ке дейін тазалап, 2-3 метрлік қоршау орнату секілді тапсырмалар жүктелді.
Сонымен қатар, марқұмдардың жерлеу рәсіміне көмек көрсету, ауыр жарақаттанғандардың жағдайын бақылап, қажет болса арнайы мамандарды республикадан алдырту керектігі де айтылды.
Облыс әкімі тұрғын үйлері жарамсыз болып қалған тұрғындарға көрсетілетін материялдық көмек көлемін анықтап, дайындау шараларын жедел жүргізуді тапсырды.
Өңір басшысы алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбауы үшін алдын-алу шаралары тиянақты түрде жүргізіліп, халықты өрт, газ қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырып, БАҚ беттерінде үнемі материял жариялап отырудың маңыздылығына көңіл бөлді. Сондай-ақ, әрбір адам өз отбасына деген жауапкершілікті сезініп, түйсіну керектігін баса айтты.
Штаб төрағасы Бекболат Орынбековтың айтуынша өңір басшысының тапсырмасына орай бүгінде тиісті жұмыстардың бірқатары орындалды. Авариялық құтқару жұмыстары толығымен шешімін тауып, жапа шекендерге Бәйтерек шағын ауданы № 26 көпқабатты тұрғын үйден уақытша орналасуға 14 пәтер берілді. Ол пәтерлер электр қуаты және газбен қамтылып, қоныстанушыларға арнайы базадан бөлінген жиһаздар мен қажетті тұрмыстық бұйымдар қарастырылған. Марқұмдардың отбасына 1 миллион теңгеден қаржылай көмек көрсетілген.
Түнімен атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жарылыс орын алған екі подъездегі қауіпті аймақтар толығымен жойылып, қоршауға алынған. Қазір «ҚазНИСА» мекемесінің қатысуымен зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Зардап шеккен тұрғындардың шығындары есептеліп, заң аясында барлық қажетті көмектер көрсетіледі.
Айта кетейік, алдағы уақытта тұрғын үй қайта қалпына келтіріліп, толығымен күрделі жөндеуден өтеді.
Похожие материалы
Олжас Бектенов провел заседание Совета директоров Kazakh Invest
- 11 желтоқсан, 2024