Таразда күкірт қышқылы толған вагонның жолдан шығып кетуіне байланысты төтенше жағдай жарияланды деп хабарлайды kapital.kz Жамбыл облысы ТЖД-ның баспасөз-қызметіне сілтеме жасап.
"Бүгін Тараз қаласының әкімі темір жолдағы жағдайға байланысты төтенше жағдай жариялады. Шайқұрық пен Бурыл бекеттерінің аралығында күкірт қышқылы толы 7 цистерна бар вагон рельстен шығып кетіп, 3 цистерна аударылып кетті. Нәтижесінде бір цистернадан аздаған күкірт қышқылы ағып кеткен", - дейді ТЖД-ның баспасөз-хатшысы Сәуле Мұнатаева.
Оның атап өтуінше, поезд Ресей Федерациясынан шығып, Жамбыл бекеті арқылы "Қазфосфат" зауытына бағыт алған. Құрам 44 вагоннан тұрады, олардың 15-і күкірт қышқылына толы. Темір жолдың Жамбыл бөліміндегі екі апатты-құтқару поездары арқылы қышқыл аққан цистерна орнына келтірілді, комиссиялық тексерістен өту үшін Заводская бекетіне жіберілді.
Қазір төтенше жағдай орнында 13 адамнан тұратын оперативті-құтқару отряды, облыстық ТЖД-нің "Өрт сөндіру және апатты-құтқару жұмыстары" мемлекеттік мекемесінің 18 қызметкері, сондай-ақ облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктің, облыстық ІІД-нің, тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің, облыстық экология басқармасының өкілдері және "Қазфосфат" зауытының қызметкерлері жұмыс істеуде. Зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ.